Шырын шумақтар
Бұл бетте «Шырын шумақтар» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Шараптан көрмесе де кісі емделіп,
Іштім бе, іше берем, ішем келіп.
Бірауық масаңдау боп жүрген артық
Қалғанша қайғы-мұңға кісенделіп.
***
Қайғыңды керек етпес нарық, көкем,
Шараптан басқа маған қалып па екен.
Көзіңе қараймын да мөлдіреген
Шырпыдай жалғыз-ақ тал жанып кетем.
***
Шаршадым өмірден де, өлеңнен де,
Дәметпен тайыздан, тереңнен де.
Шыныға атым қалар жазылып бір,
Қаңғырып дауа таппай мен өлгенде.
***
Кез келер Әзірейіл жалаңдаған,
Бола алмас бұл дүниеде санаң да аман.
Сен, қалқам, тұңғиыққа түсіп кетсең,
Мен қалай тіршілікте аман қалам?!
***
Сөз бағып әлімсақтан келеді адам,
Таусылмай кетті сенің неге налаң?
О баста тіршілікке келу бекер,
Бір-бірін түсінбей-ақ өледі адам.
***
Аймалап Пайғамбардың нұры бізді,
Көтерген ажалдыдан құнымызды.
Жел, Су, От, Топырақтан жаратылған,
Ей, Алла, жарылқай гөр құлыңызды!
***
Өлеңде отты да –мен, текті де –мен,
Әруақты, арқалы да, епті де –мен.
Артымда сөзім қалар бақыттымын,
Ендеше, неге ғана көп түнерем?
***
Күйдірсе көкезудің оттағаны,
Темекі езуімде шоқтанады.
Ақырын ойламаса, амал қайсы,
Жөн шығар уәждің де тоқтағаны.
***
Мөңіредім өмір бақи тұлыпқа көп,
Май жағып әлек болдым сыныққа ә деп.
Тағы да жалғыз қалып барамын-ау,
Қалғанда орта жасқа – қырыққа кеп.
***
Өлеңмін, мен туралы қалар елес,
Өршиді қу тірлікте жаралы егес.
Несіне өшігемін айналама
Адамның бәрі бірдей анам емес.
***
Мезі етіп мына мені өсек-енем,
Таяқ жеп Алла жазған пешенеден,
Жанымды елжіретіп, желпіндіріп,
Сімірдім балдай шарап кесеменен.
***
Жастықтың оймен кезіп құр сілемін,
Көзіңе қараймын да күрсінемін.
Май шамдай әлсіреген жанып-жанып,
Жайымды ойлаймын да түршігемін.
***
Өзімді күн алдадым, түн алдадым,
Шишаның сынығындай құралмадым.
Қаншама әурелікке түскеніңмен,
Бақытқа жете алар ма құмар жаның?
***
Шарап бер жүрегімді емдейтұғын,
Мас болып көк төсіне өрлейтұғын.
Тән бар ма қартаймайтын, ескірмейтін,
Жан бар ма мәңгі жасар өлмейтұғын?
***
Сорғалап суық жаңбыр қазандағы,
Өлеңім құлашын кең жаза алмады.
Түнде де құмар оты ошаққа сап,
Өкініш өртеп кетті азандағы.
***
Жетпейді қу жүректің дертіне түк,
Шоқ қалған Қаләндардың өрті кетіп.
Айла да, амал таппай өзімді-өзім
Болғаны жібермесем тентіретіп.
***
Тобасы естен шығып, жасағаны,
Ұмыт боп кейбіреудің кешегі әні.
Кек қуған кетісетін ағайыным
Тойымда суырылып өш алады.
***
Келмейді ойсыз сөзге құлақ асқым,
Кісіні кей ортада сынамас кім?
Уәжден ұтылып та көрмеген ем,
Дауасыз бетпағыңнан тұра қаштым.
***
Жыр жаздым тірлігіңе жыным келіп,
Жатқан соң түнім де өліп, күнім де өліп.
Қай кезде бұзылмадық, бүлінбедік,
Біз қашан жарық күннен түңілмедік?!
***
Пенделер бұл өмірге кекті неге,
Ақырын ойламас-ты текті деме.
Бәрібір босанып сен шыға алмайсың,
Ей, жүрек, қу кеудені тепкілеме!
***
Шарап бер бал уызын тамшылатып,
Тимейді тіршілікте жалшыға түк.
Сандалған сөздер мені сансыратып,
Барады буындырып, қансыратып.
***
Бермейді-ау бұл заманда талап пайда,
Ешкім де құр сөзіңді жаратпайды, ә.
Дос-туыс дегендерің кімдер екен –
Алайын түсін түстеп, шарап қайда?
***
Көзімді сұлуларға көп қададым,
Жыр десе, суырылып тоқтамадым.
Кеудеме қорғасындай құйып қойған,
Қайғының бұза алмадым от қамалып.
***
Адамдар бекер келген жер бетіне,
Сондықтан Алла алдында пенде түге.
Тірілер бірін-бірі қорғамайды,
«Қорықсаң» дейді қазақ «көрге түне!».
1995 жыл, тамыз.
- Айсұлтан Сейітов
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі