Ұмытпастай бірге қызық кешпедім

Бұл бетте «Ұмытпастай бірге қызық кешпедім» атты Ақсұңқар Ақынбаба жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.04.2021
  • 0
  • 0
  • 723
Ұмытпастай бірге қызық кешпедім,
Ұмытпастай құпиямды шешпедің,
Бірақ, неге күн-түнімді бодандап,
Ұмытпастай, айтшы, маған не істедің?

Жо-жоқ,
Сүйген жоқпын сені жаныммен,
Сен жеңілсің, мен тым биік, ауыр ем.
Мен де сендей алақұйын кешіріп,
Өз-өзінен безіп алған тағдыр ем…

Кездейсоқта табыссақ та екеуміз,
Шырқ үйіріліп шыға алмаймын ырқыңнан,
Мұндай күйге қалай ғана жеткенбіз?
Басқа адам боп көрінген ең сыртыңнан…

Еріксізден берілмеген жанымды,
Еркімді алып алғандайсың еріксіз…
Сенсіз қалсам күтетіндей сағымды,
Қорқам бірақ,
ақырындап жеріткіз?

Бірде шуақ,
Бірде тозақ жұмақтан,
Тіл қатасың ойыншық қып мұңымды,
Мен осылай тірімін һәм үн қатпан,
Сен де,
Осылай шулата бер жырымды!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері