«Жұлдызда» тұрам – Ақсұңқар Ақынбаба

Бұл бетте ««Жұлдызда» тұрам» атты Ақсұңқар Ақынбаба жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 19.04.2021
  • 0
  • 0
  • 841
«Жұлдыз» деген ауылда тұрамын...
Шаң басқан жолдар жолдасым.
Қаладан қиян жырақта тұрамын,
Даламен туыс болғасын.

«Ауылдан» берген күркем бар қызық,
Бұраң да бұраң қабырға,
Бұйырған болар сірә да,
қисық,
Бұраң да бұраң
жолыма.

Ит өлген жерде тұрғаным үшін,
Иттей ғып талап, жықты ма?
Жұлдыздай жарық жырларым үшін,
«Жұлдызға» қуып тықты ма?

Жұлдызда тұрам, табар ма екем,
Адасып қалдым жер сенен,
Төменге қарай алар ма екем,
Жұлдыздай биік еңсеммен?

Ал, Айды болса, жақыннан сүйем,
Алыстан аңсап жүруші ем,
Жырақтап қалдым сондықтан Күннен,
Күншығыс жақта тұрушы ем.

Бұйыртса енді қырыққа толам,
Қырыққа дейін сарқа мұң,
Қаладан бір үй бұйыртпай қойған,
Алматы саған не айтайын?

2015 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері