Қилы күндер – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Қилы күндер» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.05.2021
  • 0
  • 0
  • 1310
Кешелер мынау аспанды
тұрғандай едім мен тіреп.
қилы бір күндер басталды,—
тірлігім кетті тентіреп.
Келді ме дүние дерті анық,
көміліп күлге күлгенім,
кеудемді түгел өрт алып,
не болып кетті —
білмедім!
Бірімін деуші ем ірінің,
пірімін деуші ем мен де елдің,
естілмей қалып тұр үнім,
есірік жандай сенделдім.
Кешелер менің сөзімді
тыңдайтын еді жұрт ұйып.
Танымай тұрмын өзімді —
талықсып жүрек, үрпиіп.
Есе де алмай жүрдім бе,
қолыма берген ескекті —
көбейіп дұшпан бір күнде,
тоң-теріс болып дос кетті.
Көлденең жатқан тасты алып,
бізге де мойын бұрды кім,
қилы бір күндер басталып,
қыңсылай қашты тірлігім!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері