Бұл бетте «Ұятты да, арды да» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ұятты да, арды да,
айырбастап айлаға:
қара салмай алдына,
қарқ болды пайдаға.
Асығар да аптығар,
арамзаны жақын ғып,
Тағы қандай тәтті бар —
таңдайына татырлық?
Туа жаттың өзің де
туыс етіп біраз күн,
Ебі болған кезінде
есігінде жүр азғын.
Жүретіндей түсіп тең,
әрі мырза, әрі ашық,
кешегі үрген күшікпен
кетеді ауыз жаласып.
Алдарқатып ағаны,
қымтай ұстап алды-артын,
сені де іздеп табады
көтерілсе сәл нарқың.
Жалың бар ма желкенде,
қолтығыңда — білегі,
болатынын ертең не
елден бұрын біледі.
Таусағандай біразға
Тағы қандай тәтті бар?
Тіршілікке қыры аз ба —
туысын да жат қылар.
Жалап-жұқтап маңайын,
бір қанағат қылмайды.
Айтыңдаршы, ағайын,
кім дейтін ек мұндайды?!
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі