Өлең, жыр, ақындар

Бақытым да бар, сорым бар

  • 02.05.2021
  • 0
  • 0
  • 584
Бақытым да бар, сорым бар,
Алматым болды алданыш.
...Бабалар жатқан қорымдар
Алакөл жақта қалды алыс.
Түсейін отқа, топқа да,
қаланың құлқы дарымас,—
Бойымда менің тек қана
даланың қаны бары рас.
Бұлақтың демі буша атқан,
тарта ма қырдың таңы әсем,—
Жықпылға жылқы жусатқан
Қамбар атаның баласы ем.
Кеудемде бұғып байырғы ән,
берекемді алса бекзат үн,—
Қырқада қойын қайырған
шопандар еді жекжатым.
Сағынып барып жайлауды,
сайлардан салқын желі ескен,
белдеуде бедеу байлаулы,
жататын кісің емес пе ем!
Бір ауыз сөзге тоқтамақ,
шешілмей келіп көне дау.
Солардың жоғын жоқтап-ақ
жүргенім менің жөн еді-ау...
Далаға сыймай жүрген ұл,
қалаға сіңіп, енді ұқты:
арғымақты аңсар бұл көңіл,
азға да бүгін көндікті.
Мал айдап қайтқан қырқадан,
сағынып қойып кейде елді.
Заманы тыныш,
жұрты аман
жүргенге шүкір дейді енді?
Айналмақ емес кірмеге,
болмайды қала құрбаны.
Гүлден де,
туған тілден де
қыр иісін іздеп тұрғаны.
Көпсінбес қазақ өлеңі,
қонысын таңдап қонды ма,—
Қиялау жермен келеді
Ұмытпай келген жолды да.
Жалбырап желге етегі,
тұрғандай ықта байлаулы ат.
Кей-кейде бөсіп кетеді,
жүргендей болып жайлауда-ақ.
Дауысы бірде жетсе елге,
Ырқына бірде жыр көнбей.
болады таныс тепсеңде
жылқы қайырып жүргендей.
Төгіліп-тасып көңіл бір,
кей-кейде күйіп кетіп іш.
Ұмытпақ емес тегін бұл,
ұмыту арты — өкініш!
...Тау жаққа барып жылына
қыдыратын ем құрбыммен,
арғымақ түгіл
пұлына
бір такси таппай тұрмын мен!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арайлы таңда

  • 0
  • 0

Арайлы таңда,
Аңырай жетіп қанша мен,
Ағайын, сенен
Адалдық қана аңсап ем,

Толық

Өкпелеп итіне де

  • 0
  • 0

Өкпелеп итіне де,
битіне де,
бұзылып бара жатыр ұйқы неге,—
күлді ме қайдағы бір сұмырайлар,

Толық

Жерді сат!

  • 0
  • 0

— Қарсымыз! — деп қаһармен айта алмасақ ел құсап,
өнбес дауды қуып та керегі не енді ұсақ,
керіп өңеш, кеңірдек жырта бермей, ағайын,
"қатын-бала қамы" деп,

Толық

Қарап көріңіз