Кеше біз де дүбірлі дүрмекке еріп –
Сәкен Иманасов
Бұл бетте «Кеше біз де дүбірлі дүрмекке еріп» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Кеше біз де дүбірлі дүрмекке еріп,
жұрт ішінде жүріп ек құрметтеліп.
Көп көрді ме соны да,
жек көрді ме,
қарай берді қу тағдыр күлбеттеніп.
Көп алғаным бар шығар,
аз алғаным,
келіп еді әлі де базарлағым,
бір түйіліп төбемнен бұлт үйіріп,
көрмейсің бе шіркіннің сазарғанын.
Көп көрініп кетті ме көжем менің,
көрмейсің бе көгеріп, безергенін.
Бар еді ғой әлі де бармаған жер,
баспаған тау,
балықты өзендерім.
Қона қалар деді ме кезбе бақыт,
қайда барсам,
қоймады,
көзбен атып,
Қараулардың қалтасын қалыңдатты
күні-түні малтасын езген уақыт.
Елден көрмей ернімнің кезергенін,
барлығынан біржола безер де едім,
дегеніме жеткізбес ертең мені,
желкемдегі жендеттің сезем демін!
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі