Туған жер – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Туған жер» атты Сәкен Иманасов жазған туған жер туралы өлең берілген.

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 1898
Айдын көлім — айбынды елім—ұраным,
асқақ әнім, тас қамалым — тұрағым.
Сенсің менің сарқылмайтын сағыныш,
тартылмайтын таза тұнық бұлағым.
Тамшы болып тамды саған кіндік қан,
кіндік қаным тамған жерде тілді ұққам.
Мұқалмауым, жұқармауым үшін де
шымыр етіп жаратыпсың шындықтан.
Қасиетті қағбам менің, қыбылам,
сен деп өттім саналы өмір сынынан.
Торыққанда демеу тауып өзіңнен,
қорыққанда қолтығыңа тығылам.
Өзің деумен өзеуреген ежелден
балаң едім, бала күннен сөз емген.
Ұл бол деп ең — ұл болуға жарадым,
құл бол десең — құл болуға төзем мен.
Туған жердің тұғырдағы түлегін
жұрт көрсін деп жоғары ұшқан ұл едім.
Жатсам-тұрсам жаратқаннан: —
Осы елге
қадірімді кетірме! — деп тіледім.
Өздеріндей ел бұйырды бағыма,
қайта жұмса — қайратымды жаны да.
Қиналғанда саған барам сыйынып,
бір көтеріп тастар ма деп тағы да.
Қабырғалы халқым барын ел көрсін,
саналы жұрт, салтым барын ел көрсін!
Қайда жүрсем бағым, арым, ағайын,
бағынарым, табынарым Сендерсің!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері