Абай ескерткіші алдында
Дәрежем болмаса да дүрілдеген,
бірімін мықтылардың бүгінде мен,
айыпқа бұйырмасаң,
Абай аға,
Азырақ өз алдыңа жүгінбек ем.
Шығарсам сыздықтата сыр ұшығын,
айтпағым...
(Абай аға, дұрыс ұғын).
Бүлінген ел іші емес баяғы бір,
Керісі емес Тобықты ұрысының.
Жараса жүгінуге бет-беделім,
Алдында азырақ сыр шертпек едім.
(Баяғы Қарқаралы дуаны емес,
жігітек жуаны емес өкпелерім).
Бұзылып әңгіменің ырғағы да,
кейіме, көкейімде мұң барына, —
көңілге толмай әлі келе жатқан,
менікі сол баяғы жыр қамы да.
Көңілге келе жатқан толмай әлі
айтарым өлең қамы сол баяғы, —
бүлініп жүргендер бар жүлде десе,
жүгіріп, жерге тимей қолды-аяғы.
Сақтаған саф алтындай таза тілін,
жазғырып отыр деме өз ақынын.
Көкейін көлем кернеп, өлеңді ермек
еткенге қолданатын жаза түрін,
қазақы қара сөздің даңғайыры,
өзіңнен сұрағанның бар ма айыбы? —
Әйтеуір, Абай аға, аруағыңның
бізге де тисе деймін сәл қайыры!
Кезіге бермес мұндай келелі күн,
өзің айт, алдиярым, төрелігін.
Бетке айтып көргеніңді, білгеніңді,
шыр-пыр боп жүргеніңді еледі кім?
Мен де өлең жазбап едім ермек үшін, —
кім білсін, дарыным аз, кем бе күшім,
келемін өрдегісін көндіре алмай,
сөзіме сендіре алмай өлмелісін.
Күйіндік, күңірендік, кимеледік,
маған да ес білгелі тимеді ерік.
Айтқаным кетпесін деп айдалаға,
Кеудені қайда ғана сүйремедік.
Даулаған тайған бағын, байдан малын
мен емес Базаралың, пайғамбарым,
емеспін қатарың да, жатағың да,
ақтарып, өз алдыңа жайған бәрін.
Сапында қасиетті жыр-жасақтың,
атынды ұран етіп қырда шаптым.
Қосты ма ел жақсылардың санатына —
келеді ара-тұра мұң да шаққым.
Айтты деп, айыптамай, өз мұңымды,
сала жүр соңғыларға көз қырынды.
көбейіп арамызда епті кілең,
арзандап кетті білем, сөз бүгінгі.
Бұл күнде әр ауылда бір-бір Абай,
қайтсін-ау тұғырынан жыр құламай!
Сөйлемес өлермені, өлеңшісі
алдымен өз кеудесін ұрғыламай.
Тіріде дайындаған тас тұғырын
солардың мейманасы асты бүгін, —
өңешін созды бірі өлең арнап,
бақырбас баласына бастығының.
Өз басы озбаса да топтан әлі
біреуі міндет қылып көп баланы,
біздерге миығынан күле қарап,
Сізден де қысылмайтын боп барады.
Бұл күнде өлеңі емес, өзін елге
әйгілеп жүргендердің көзі менде.
Кім білсін, ескі жара ұшыққандай,
Астынан су шыққандай сезінер ме?!
Ермегі ақындардың тек өлең бе,
Ілмейді бес қаруын неге белге?
Мәз бола береміз бе арулардың
ажарын ай мен күнге теңегенге!
Бұл күнде анау да "ақын",
мынауда "ақын",
жемсауы жыбырлаған жырау да "ақын",
боз таңнан боздап ала жөнеледі,
шіркіндер, жетпегендей жылауға түн.
Білмейсің:
ақыны кім,
ақымағы,
былығып баяғыдан жатыр әлі,
құлқынын тығындайтын "цитат" іздеп,
Сіздің де басыңызды қатырады.
Ұнамай осылардың бірі маған,
түнеріп, түні бойы жүріп алам.
Күшімді қайнап тұрған қайда жұмсап,
ішімді қайтер екем — жылымаған?
Айта алмай айтарымды, мың бөгеліп,
төнемін ақ қағазға түнде келіп,
іштегі отты сезім, кекті сезім,
қиналам кете ме деп мүлдем өліп!
Дарыса жылы сөзің жетеліге,
жаты не, жақыны не, бөтені не, —
құрбыммен қырғиқабақ табысар ем,
қысылмай жабысар ем етегіне.
Көл-көсір көңіліңнің қозға мұңын,
таскерең түсінер ме сөз қадірін, —
қалды ғой танудан да тойынғандар
қазақтың өзіңіздей озған ұлын!..
Дәрежем болмаса да дүрілдеген,
өлеңде орын тептім бүгінде мен.
Сан рет шарт сынардай шамырқанған
кезімде алдыңа кеп жүгінген ем.
Кейіме көкейімде мұң барына, —
шын ақын сөзін сатып, бұлдана ма?
Сөйлесем назырқана, азырқана
тойымсыз сол баяғы жыр қамы да...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі