Өлең, жыр, ақындар

Егіз лебіз

  • 22.06.2021
  • 0
  • 1
  • 1609
1
Жұпарын сеуiп жаныма
Жапырағын көктем жайған кез
Жүрегiмдi ұстап қолыма
Алдыңнан шықтым, Айнамкөз.
Жететiн ұзақ жылдарға
Бойыңа жылу жиғанда, –
Жүректен артық гүл бар ма,
Жүректен артық сый бар ма?!

2
Жондардан асқан жолменен
Алыстап кеттi-ау əн менен...
Алаңдай берем əр жаққа
Жоғалған жандай əлденем.
Артымда қалды бал шағым,
Алдымда қалды қанша күн?..
Мен бүгiн мұңлы қыздаймын
Жоғалтып алған моншағын...

3
Қыздың бетi – қызарып пiскен алма,
Күннiң нұрын уылжып iшкен ол да.
Сары күзде, шiркiн-ай, сағағынан
Пiскен алма үзiлiп түссе қолға!
Ажар-өңiн аймалап ақ таңда арай,
Тамылжысын арулар тəттi алмадай.
Тек, əйтеуiр, уылжып пiсер шақта
Сұғанақ көз сұмдарға тап болмағай...

4
Құмыр бұлбұл əншi ме ең
Талма таңда оянған?
Тұнжыр тұнық тамшы ма ең
Гүл ернiнен жай алған?
Елеңдейсiң назбенен
«Мен, – дегендей, – мұратың».
Өлеңдейсiң жазбаған
Əлi күнге бiр ақын!

5
Қыз дегенiң – өмiрдiң қызғалдағы,
Қылықтылар аз ба екен қыздан-дағы?..
Көңiлi жараспаған жұбайлардың
Төсегi суық келер мұздан-дағы.
Айнамкөз арулардың назданғаны –
Айдында аққу жүзiп, қаз қонғаны.
Тiрлiкте теңiн тапқан жұбайлардың
Құшағы ыстық келер жаздан-дағы.

6
Он сегiз – кербез, керiм кезiң, гүл-гүл,
Бойжеткен, қалауыңды өзiң бiлгiн.
Тiзгiндi тежей алмай тек əйтеуiр
Кетпесiн алып қашып сезiм – дүлдүл.
Сезiмiң алып қашса айдалаға,
Қалмайды ғазиз басың қайда ғана...
Өмiрдi той деп бiлген бойжеткендер
Осыны он сегiзде ойлана ма?..

7
Салқындық сезiлдi ме сары күзден,
Қоштасты махаббаттың бағы бiзбен.
Ғашықтық дертi қанша асқынса да
Ендi бiз емделмеймiз дəрi – қызбен.
Дəмелi бола қоймас дəрi – қыз да,
Жарымыз жүрген шақта жанымызда.
Шыңдалған шарболаттай,
жанған оттай
Қайдасың, қайран күндер, қаны қызба?!

8
Мiнезiңе абай бол ұшып-қонба,
Қапияда қақпанға түсiп қалма.
Бiр басынан айласы асып жатқан
Арамызда ептi көп мысықтан да.
Ибалы қыз иманын қымтанады,
Инабатты жанға кiм мiн тағады?
Сұлулардың жүрегi сырсандықта,
Сырсандықтың сиқырын кiм табады?..

9
«Ермек үшiн жұлдың, – деп, – неше гүлдi?»
Қалқам, менiң қайтарма меселiмдi.
Жасыл бағы,
сезiмнiң асыл дəнi
Мүмкiн, менiң кеудемде кеш егiлдi?..
Не шерiмдi тартқатпай,
не шөлiмдi
қандырмастан қоштасты неше құрбы...
Бос өткенге қимаймын өмiрiмдi, –
Кеш еккендер жинайды кеш егiндi.

10
Қарадым...
Қарағанмен, көз қанбады.
Көздiң де болады екен өз қармағы.
Бағымды бiр сынауға бата алмасам,
Басымнан базар күнiм озған-дағы.
Өзiме жетер шақта өз күйiгiм
Салмастан қинадың-ау көз қиығын.
Енерсiң кiмнiң келiп құшағына
Жанары жаутаңдаған Жезкиiгiм?..



Пікірлер (1)

Талғат

«Егіз лебіз» — Исраил Сапарбай жазған сезімге толы, терең поэтикалық шығарма. Бұл өлеңде автор махаббат пен өмірдің нәзік сәттерін табиғат бейнелері мен жүректен туған ойлар арқылы жеткізеді, жырдың әр жолы оқырманға әсерлі эмоционалдық толғаныс сыйлайды. Шығарманың тіл байлығы мен көркем образдары махаббат, алыстағы сағыныш пен жан сезімдерін айқын ашып көрсетеді. Осындай поэзиялық туындылар қазақ әдебиетінің көркемдік қуатын арттырып қана қоймай, оқырманды ойлануға және поэзияның терең мағынасын сезінуге жетелейді.

Пікір қалдырыңыз

Қайта тудым

  • 0
  • 0

Қайта тудым,
Қайта ойнадым.
Қайта тұрдым,
Қайта ойладым.

Толық

Кездесу

  • 0
  • 0

Көңілімді сендіріп келетінге,
Сені күтіп көп тұрдым жел өтінде.
Тұғырында дəл мендей тұнжырайтын
Теңізшісін аңсаған кеме түнде.

Толық

Өзiңдi-өзiң несiне алдайсың?

  • 0
  • 0

Өзiңдi-өзiң несiне алдайсың?
Есi жоқтайсың, есi бардайсың.
Жат үйлiк болсам, жадыңнан шықпай,
Бақилық болсам, есiңе алғайсың.

Толық