Сыбызғы үндi, сырнай сазды, Сырғалым – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Сыбызғы үндi, сырнай сазды, Сырғалым» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1050
Сыбызғы үндi, сырнай сазды, Сырғалым,
Сiздiң жаққа бейiлiмдi бұрғаным:
Тылсым көктен тыншу бермей тiл қатып,
Ұйқыңызды келсе қайтем ұрлағым?
Кезiңiздi, көзiңiздi күншуақ
Көргенiмше көңiл қалай тыншымақ?!
Арқа-жарқа Арқа жақта жүрсiз-ау
Жүзiңiздi аяз сорып, шымшылап.
«Арқа қалай, қалқа қалай?» – деп iштен
Шер тарқатқам,
Шеген тартқам,
Шер iшкем…
Тағдырымның Тəңiр сызған таңбасы –
Пешенеме бұйырса екен Перiштем…
Мойныңызға орап əппақ бөкебай
Жұрт iшiнде жүрсiз бе екен, көкем-ай.
Қоңыр күзде қош айтысып қалғалы
Қолым сiзге жетпей қойды-ау, о, тоба-ай!..
Арамызға ақ қар, көк мұз – түстi ай, күн.
Қайсiбiрiн уысымда ұстаймын?
Сыңсып ұшқан сыңарынан айрылып,
Қараша үйде қалып қойған құстаймын…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері