Елім менің – Шөкімов Сағибек

Бұл бетте «Елім менің» атты Шөкімов Сағибек жазған отан туралы өлең берілген.

Қалың елім, қазағым, қара орманым,
Мен перзентің, өзіңсің бар арманым.
Дүниеде ел болмас сенен ыстық,
Кеңдігіңе пейіліңнің таң қаламын.

Кеңдікте бар, даламда дархандықта,
Пәктікте бар, бар онда жомарттықта.
Байлық көзі кең далам жазиралы,
Дастарханым көрсеткен мырзалық та.

Дала, дала даладай көңіл менде,
Жақсылықты танымас, бiлмес пенде.
Пәк сезімім өзіңде тамыр жайған,
Бәйшешегім гүлденген мәңгі сенде.

Жаным бірге сенiмен, тәнiм бiрге,
Көз жұмамын, кiремiн сенде көрге
Кең әлемнің, бөлшегі алтын елім,
Салиқалы ел болып, шықшы төрге.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері