Айна алдындағы ару – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Айна алдындағы ару» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 19.07.2021
  • 0
  • 0
  • 937
Сүймеген əлі ешкім де қаймақ ернін,
Түспеген уысына майдагердің,
Ажары айдың үзік сəулесіндей,
Апырай, хас сұлуды қайда көрдім?
...Есімде, Шопан үйі. Оңаша маң,
Қаратау қойнауына қора салған.
От басы, ошақ қасы тіршілікте
Алыстау айқайжолдан, тамашадан...
Есімде, қаба сақал аға шопан,
Болмысы болмашыға балаша таң.
Тауға өрлеп баратқандай көрінетін
алыстан қарағанда қараша там.
Есімде, сол бір үйді дəл тапқаным,
Жаюлы дастарқаннан дəм татқаным.
Ақшамда көзім шалған
ару қыздың
бұрымын айна алдында тарқатқанын.
Сұлуды көзім шалып бұрымды өрген
Бейіштің секілденгем гүлін көрген.
Есіктен елте қарап қалған маған
Елік қыз жанарының нұрын берген.
Құдықтай тұнық суы тартылмаған
Жеткенде жəудір көзден жарқыл маған,
Ару қыз айна алдынан ғайып болған
Аш белі сəмбі талдай солқылдаған.
Қалғандай өң мен түстің арасында,
Жанымның аршып алғам жарасын да.
Имандай бір ибалық бар секілді
Қаракөз қарындастың қарасында.
Келіп ем əкесінде «ісім» болып,
Балқыдым бала қаздай құсын көріп.
Дүние көз алдымда мың құбылды
Заматта таңғажайып мүсінденіп.
Шерте алмай,
Келтіре алмай шек бұрауын
Амалсыз ауыз үйге бет бұрамын.
Көрінеу көзсіз, ессіз көбелектей
Өзімді өзім келіп өртке ұрамын.
Өзімді өзім келіп өртке соғам,
Жетпестен кеудемдегі дертке шамам.
...Алаңсыз Отағасы шай ұрттайды,
Адамдай үндемеуге серт жасаған.
«Толықсып,
Тола балқып Ай – дидары
Ару қыз келмей ме екен шай құйғалы?»
Дəркүмəн, дəмекөңіл дамыл таппай
Жанымды əй қинады, əй қинады...
Келмеді,
Келмеді қыз шай құйғалы,
Салиха сымбатына сай дидары.
Екі көз есік жаққа елең қағып,
Отырмын тағатымнан айрылғалы.
Білмеймін, шоқ түсті ме жанға мына,
Кірісер шақ туғанда жол қамына,
Жүрегім жанталаса бір бұлқынды
Балықтай түскен жазмыш қармағына.
Қалды артта шопан үйі,
Қалды бəрі:
базары,
тіршіліктің бал думаны...
...Ілулі ауыз үйде айна көрсем,
Жадымда қыз елесі жаңғырады...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Айна алдындағы ару өлеңінің авторы кім?

Исраил Сапарбай — осы өлеңнің авторы.

Айна алдындағы ару өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Айна алдындағы ару өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Исраил Сапарбай өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Айна алдындағы ару өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері