Неге Алатапу шаттанды
Асқар-асқар Алатау,
Кен кернеген сара тау,
Атандай аңша ала бас,
Өркештене өрлеген,
Бұлтқа бойын бермеген,
Күрделі көкше күрке тас.
Бір кезде қайғы ұйытқан,
Шер жайлаған, қан жұтқан,
Аңсағай, аңғал Алатау,
Аюы аңдып тас атқан,
Бұлақ болып жас аққан,
Ақ ордасы Алатау.
Ұлары ойнап, үн салып,
Бұлбұлы бұғып, ән салып,
Теңдік күткен Алатау,
Көкшіл буы дірілдеп,
Өлкеде өзен гүрілдеп,
Шындық күткен Алатау.
Шыңның - шыңы өрісі,
Бұғы, бөкен, бөрісі,
Шыңда шырлап ойнаған.
Қызыл киік құралай,
Айшықты мүйіз арқары-ай,
Тоспада тойын тойлаған.
Ол күнде сондай Алатау,
Қалың қайғы шер еді-ау,
Теңдік таңын көрмеген,
Еңбегін емген арлының,
Жанын жеген жарлының,
Залымдар ерік бермеген.
Сол ара бүгін шаттанад,
Аспаннан асып мақтанад,
Бұлтты аяққа басқандай,
Құлын-тайын гүл сүйіп,
Көксең тасын күн сүйіп,
Шаттана шашу шашқандай.
Heгe Алатау шаттанды,
Heгe аспандап мақтанды?
Шаттығына себеп сол:
Баурында орнап астана
Асқарының астына,
Кестеленді темір жол.
Еңбекпенен ер жеткен,
Тап дұспанын тітіреткен,
Құтты болсын жаңа жұрт!
Октябрьдің таңымен,
Кеңестің кең заңымен,
Еңбекші елге қонды құт.
Күмістей таза бұлағы,
Секіріп, ыршып құлады,
Менде кеңес мүлкі деп.
Көк жібекке көмілген,
Көкшіл орман төгілген,
Иілді еңбек еркі деп.
Алатау айтад: «Ішімнен,
Аққан судың күшінен,
Электрің жайнасын.
Алма, жиде, шиемнен,
Жеміс-жеңсік дүниемнен,
Жемей ешкім қоймасын».
Деп Алатау шаттанад,
Аспаннан асып мақтанад,
Кеңейтіп, кернеп арнаны.
Қойнын ашып қол жайып,
Кені кернеп молайып,
Алатау қарсы алды орданы.
Жұмыскердің білегі,
Жұртшылықтың тірегі,
Тасты жүндей түтуде.
Ойпаң жерді өсіріп,
Өрді төмен түсіріп,
Оқтай ағып өтуде.
Ыршып өтті Қордайдан,
Баса көктеп маңдайдан,
Өрлеп барад шығысқа.
Еңбекшіге ес беріп,
Шаруаға дес беріп,
Өрнек болмақ ұлысқа.
Өрмектің арқау жібіндей,
Қолдың сала жүбіндей,
Сұлаған сұңғақ бойы сол.
Алатаумен жарысып,
Қосарланып қабысып,
Өтіп барад темір жол.
Кеңестің қара жорғасы,
Тізілген сансыз арбасы
Ағып өтті ордадан,
Жарқыраған жанары,
Электрлі фонары,
Ай туғызды даладан.
Буы бұрқ-бұрқ қара тер,
Солқылдайды қара жер,
Даусы тауға соғылад.
Пыс-пыс етіп пысылдап,
Ырс-ырс етіп ырсылдап,
Күрсілі көкке қосылад.
Шұбалған түтін будаңтап,
Үсті-үстіне шумақтап,
Қалып жатыр ере алмай,
Биік қырмен алысып,
Ұшқан құспен жарысып,
Ағып келед жұлдыздай.
Ауылда бұрын білмеген,
Шаруалар көрмеген,
Қалысып қайран шуылдап
Жақындасып барысты,
Кей даңғойы жарысты,
Өте шықты суылдап.
***
Оянды ертең ертемен,
Жадырап жайнап көркімен,
Жасыл киген Алматы!
Күй қуаныш қозғады,
Жұрт жиылды, қоздады,
Қопарылды Алматы.
Ентелесіп кәрі, жас,
Асығысып жанталас,
Паровозды көруге,
Лек-легімен ағылды,
Атты-жаяу сабылды,
Жол тимеді жүруге.
Аңдады, халық, аңдады,
Кәрі-жасы қалмады,
Бала-шаға, кемпір-шал,
Бықырлап жер майысып
Ұшан-теңіз қайысып,
Келе жатыр көзің сал.
Кісі тасып сабылып,
Ерсіл-қарсыл ағылып,
Автомобиль зулады,
Қақ аспанда шарықтап,
Ұшқан тозаң қалықтап,
Өлкенің бойын тулады.
Шаң да жұртпен ойнады,
Күн де аспанда қайнады,
Станция басы «қарақұрт»,
Қала менен даладан,
Келіп жатыр манадан,
Ұшан-теңіз неткен жұрт.
Жас балапан ылғи ер,
Октябрят, пионер,
«Әзірміз» деп caп етті,
Ұлы тірек біздің ол,
Қаз тізіліп комсомол,
Қатарына тап етті.
Еңбек ұлы жұмыскер,
Жаны болат, қолы іскер,
Сағыз қылған темірді.
Шаруа мен батырак,,
Ортасында нақта-нақ,
Шаттықпенен көрінді.
Еңбекішінің қорғаны,
Тегісшілдік ұраны,
Келді қызыл қанаттар,
Асауларын қарғытып,
Ор текедей орғытып,
Жарқылдайды болаттар.
Дұшпан десе қайнайтын,
Оқ, нөсерден таймайтын,
Қызыл әскер жауынгер,
Күй ойнатып күңірентіп,
Жер жиһанды емірентіп,
Сап-сап тұрды қызыл ер.
Гипспенен жасаған,
Тап өзіне ұсаған,
Ленин бабаң суреті,
Төрінде тулар желбіреп,
Күлген сынды елжіреп,
Бабаңның өлмес келбеті.
Сол мезгілде аспандап,
Аэроплан келді андап,
Көкте күңгірт жарасып,
Қудият та түйілед,
Жерде халық сүйінед,
Анталасып, қарасып.
Ал, ал деді, ал деді,
Ал көзіңді сал деді,
Мың сан жұрт бірден шуылдап.
Қырық арбаны ойнатып,
Жанар көзін жайнатып,
Поезд келед суылдап.
Қане-қане дегенше,
Тай-таласып көргенше,
Солқ-солқ етті қара жер,
Табан біткен дірілдеп,
Дүрс-дүрс дүрілдеп,
Қақ жарды жерді қара тер.
Мың сан дауыс «уралап!»
Кезек-кезек жағалап,
Екі езу екі құлақта,
Құттықтады шешендер,
Жас талапкер кесемдер,
Қуаныш күйі жан-жақта.
Бұлшық еті бөлінген,
Етек-жеңі түрілген,
Жұмыскерлер жүрісед,
Біздің еңбек осы деп,
Жұртшылықтың күші деп,
Жымыңдасад, күлісед.
Жарлы-жақыбай шаттанды
Алатау соған мақтанды,
Жасасын кеңес, жасасын!
Социализм ұраны,
Еңбекшіл елдің ұланы,
Бірлессін, мәңгі жасасын!
1929 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі