Тыныштық таңы – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Тыныштық таңы» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.07.2021
  • 0
  • 0
  • 691
/панорама/

Бұлаққа құлақ тостым күліп аққан,
Жеткендей бұлбұлдың да үні бақтан.
Оянды шымылдықтың аржағынан
Ажары перизаттай тұнық ақ таң.
Жиектен көтерілді Күн жəй ғана,
Күнбағыс бұрылды оған ыңғайлана.
Қабырдың айқұлағы елең қағып,
Тынысын тіршіліктің тыңдайды о да...
Бүршігін жаңа жарған жалаң етті
Емініп,
Есі шығып самал өпті.
Бауыры ақша бұлттың айқарады
Сауыры жалтыраған самолетті.
Нəркес көз,
Нəзік жаны нұрға ашыла
Жас қайың жас іліпті сырғасына.
Шыршалар жасыл тонын жамылып aп
Өрмелеп бара жатыр шың басына.
Көлеңдеп ақша бұлты көктің көлге,
Тамшы тұр тама жаздап шоқ гүлдерде.
...Əлден соң көшедегі адамдардың
Ішіне шым-шым батып кеттім мен де...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері