Өлең, жыр, ақындар

Қасқырдың монологы

  • 28.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1521
Мен тек мына құнсыздықты жек көрем,
Өзімнен де өзгелікті екшегем.
Ала жібін аттамағам арымның,
Өйткені мен Көк бөрі ем.

Аңшы да көп шитісін ап шектеген,
Бұралқыға бітіспес жау боп келем.
Қасқырлықтан айнымауға үйретем,
Ұрпағыма өскелең.

Тақырыбы болмасам да жыр-әннің,
Өр рухыма теңесе алмас мұраң мың.
Бөрі басын байрақ еткен бағалап,
Мен жаужүрек ұрпағыма ұранмын.
Ал айдаһар өмірде жоқ ертегі,
Жарнамасы ол жыбырлаған жыланның.
Аюы мен арыстаны бастаған,
Маған дұрыс бағасы жоқ бір аңның.
Өйткені мен ұлан-ғайыр атырап,
Иесімін Тұранның.

Жақсы көріп жылы-жұмсақ жатағын,
Жұқты оларға пендешілік, пәс арын.
Құр ақырған аюың да билеп би,
Алып қойған "Сайқымазақ" атағын.
Азу тісі алты қарыс арыстан,
Айбарынан жасқанады асаның.
Жылқының да Масақбайы үйретті,
Ең шу деген асауын.

Тек жүріп-ақ талай төбет састырдық,
Қасқырлығым айнымайтын бас тірлік.
Көксерегім бас ұрмаған кезінде,
Себебі оның қанында бар қасқырлық.
Сол үшін де адамзатқа шығардым,
Есімімді мәшһүр қып.

Ұрпағым ед(і) Көк Түрік пен Ғұн, Үйсін,
Қазіргі жұрт итін баққан қыли тым.
Он бесінде айым толып менің де,
Сәтім туад(ы) ұлитын!

Арғымақтан болсын мейлі жетегің,
Екі өлім жоқ ешкімге де, екі өлім.
Десеңдер де қасқыр болу не теңің,
Қара саннан жұлып жеген қасқырмын,
Өзгермеймін өлгенше өстіп өтемін.
Қасқырлықтың ұғындырам бір күні,
Сірә, қандай екенін.

Даңғылы жоқ, даңғойы көп тірлікте,
Қуғын көріп қиын өмір сүрдік те.
Қанағатқа қарын тойған Қасқырмын,
Мені көрсең мылтық алып дүрлікпе.
Қасқырлығым қайталанбас қасиет,
Байлай алмас басқалармен бір жіпке.
Ұлығаным ұрпағымды оятып,
Шақырғаным бірлікке.

Айтса да адам ақиқаттан жаңылып,
Көргенім жоқ қой терісін жамылып.
Иір құйрық иттер құсап иісшіл,
Төзе алмаспын біреулерге бағынып.
Арамдықтан аулақ салған іргесін,
Табиғатым тағылық.

Бар құдайым иттің болса иесі,
Тәңірімнің тартқан маған сыйы осы.
Қылшық жүнім қауқайса да аш-арып,
Тежеп тұрар тектіліктің киесі.
Бұйырғанда ырыздық деп білемін,
Бай ауылдың биесі мен түйесі.
Жота жонда жортып жүріп жан баққан,
Көк бөріңнің күйі осы.

Мен тек мына құнсыздықтан шеткері ем,
Мен тек мына тексіздікті жек көрем.
Мылтығын ап қуса да аңшың өкшеден,
Көкке қарап көп нәрсені көксегем.
Қолдан келсе тексіздікті тектер ем.
Төбет құсап жуындыға жуымай,
Ырыздықты иен түзден жеп келем.
Қанша заман, қанша дәуір өтсе де,
Айнымағам, қасқырлықтан кетпегем.
Бөрі біткен оттан қорқад(ы) дегенмен,
Керек болса ойнай да алам отпенен.
Тағы дерсің, қатігез деп айтарсың,
Одан басқа жоқ та дерсің ештемең,
Десе десін, несіне оған кектенем?!
Көк байрақты Көк Түріктің кенжесі,
Батыр бабаң бәрін билеп-төстеген.
Бойыңдағы қасқырлықтан айныма,
Сұрайтыным жалғыз ақ сол тек сенен.
Мен бәрібір өр рухыңа бек сенем,
Мойындаймын, тек Құдайдан сескенем,
Өйткені мен Көк бөрі ем!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Балет

  • 0
  • 0

Деміңде жаңбыр бар билейтін,
Тағдыр бар билейтін.
Түймедақ күлтесі секілді үміттер –
Ол сені сүйетін, ол сені сүймейтін...

Толық

Құрқылтай

  • 0
  • 0

Құрқылтай, құттай мына ұяң қандай?!
Құттай ұяң құт болсын, сүй арланбай!
"Көңіл сыйған жерге бәрі сияр" болса,
Жер әлем жылы ұяңа сия алғандай.

Толық

Жүрегім

  • 0
  • 0

Жезкиіктей жел қуған желігіп тым,
Ә, Жүрегім,
Айта бер, нені күттің?!
Көптен бері көрінбей кеткенің не,

Толық

Қарап көріңіз