Қызыл бұрыш – Сәбит Мұқанов

Бұл бетте «Қызыл бұрыш» атты Сәбит Мұқанов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1325
Майда жұмсақ жел ессе,
Желпілдейді туырлық,
Сықырлайды ырғалып,
Керегелер буылдық.
Керегемен тербеліп,
Желбірейді қызыл ту,
Үй іші толған жалба жең,
Кейі күбір, кейі шу.
Газет, журнал жайылған,
Үймелеген оқушы...
Жалықпашы, қарағым,
Оқушы, інім, оқышы!..
Қызылбұрыш қызарып,
Үй Ішіне өң берсе,
Сен сықылды сәбиді,
Жігіттерге теңгерсе,—
Гүлдене түспек сонда өмір»
Соған ұмтыл, қарағым
Бұл бұрышта ержетсең,
Жаныма ертіп аламын.
Менің бауырым мың-мың сан,
Бірақ көбі қараңғы,
Кеудеге сана құймаққа
Жұмсап жүрмін қаламды.
Ленин бабаң бастаған
Келешектер сенікі.
Тез адам бол, қарақтар,
Сендер әлем сән-көркі!..

1926


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері