Өлең, жыр, ақындар

Әнекей, нұрлы күн де көтерілді

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 373
Шықты ол, түні бойы безек қағып,
Жан кешіп баратқандай, өзек талып,
Кейде ышқына тынысын жиілетсе,
Кейде баяу алады тежеп барып.
Кейде беті қызарып жалын оттай,
Кейде сұп-сұр бола ғап қаны жоқтай,
Жан тамыры кей кезде аттай тулап,
Бәсең тарта қалады кейде соқпай.
Кейде қасқыр талаған құлындай боп,
Дауысы құлағыма шыңылдай кеп
Тиген кезде, миы су болған жандай
Бас айналып кетеді, дыңылдай кеп...
Дүниеге адам келу .неткен азап!..
Сонша ауыр азапқа шыдау ғажап!..
Бірақ жеңге, шешелер бойы үйренген,
Кейісем-ақ етеді мені мазақ,
Оларша, бұл сырқаттың аты «ұмытшақ»,
«Келі;н де ұмытады, біз ұмытсақ»,—
Деп күлісіп, пісіріп «жарысқазан»,
Кіндіккесер жабдығын жүр дұрыстап.
«Толғағы қатты болды неге мұнша?..» —
Десең, берер жауабы: «Жас қой тұмса!..»
Қиуасыз бір жеңге әзілдейді.
«Болады толғақ қатты,— деп,— ұл боп туса» 
Осылай азаппенен таң да атты.
Толғақ та безектетіп жылатты
«Талықсыған тұмсаны «марту» басар»,
Деп бір кемпір қазанды қаңғырлатты!..
Бір кемпір басты «тәңірім, қинатпаға!»,
Біреулері сиынды Бибатпаға,
Маған жер-көк сілкінтіп, сатыр-күтір
Жатқандай боп сезілді қирап дала!..
Дала кең, бірақ, онда пана жер жоқ,
Жәрдем беріп жан сақтар дәрігер жоқ!..
Қалжың ғып әйелдерден, барлық білген
Жәрдемін жасап жатыр әбігер боп...
Маңдайдан тер сорғалап ағып кетті...
Көз қарайып, жүрек те талып кетті...
Сол кезде «шүйіншілеп» дуылдаған
Көп дауыс үйдің ішін алып кетті!..
Дем берді жүрегіме осы дауыс...
«Уа, қайным, бұл ес ауу — неткен ауыс?!
Уа, шүйінші, ат ұстар!»— деген кезде,
Денеге қайта оралды бойда бар күш.
Сап етті құлағыма сонда «іңгә...»
Қуанып ол дауысқа, «Мәкем тың ба?» —
Дегендей жалт қарасам, есіктен күн
Сығалап, бөлей ғапты бетін нұрға!..
Жұлдыздай жана ғапты көздері де,
Ширығып пыса ғапты сөздері де!..
«Есіңді жина, қорықпа» дейді ақырын,
Онысы хал-жайымды сезгені де.
«Қарны ақ түйенін, жарылды» деп,
Жеңгелер түйебас қып жабылды кеп...
Оянып бүкіл ауыл «шүйіншіге!»
Жан-жақтан біздің үйге ағылды кеп.
Бәрі де «құтты болсын» айтты шулап,
Кеудеге сыймай жүрек кетті тулап!..
Ытқыған қуаныштың ыстық қаны
Жүйелеп бар тамырды кетті қулап.
Елжіреп мас боп кеттім қуанышқа,
Әрең деп көпке еріп шықтым тысқа,
«Қуаныш құтты болсын!» дегендей-ақ,
Шу ете қалды көлде барлық құс та,
Алдымнан бір самал жел есе қалды;
Бір қоңыр бұлт сіркіреп көше қалды.
Гүл аралас .жайқалған жасыл шалғын
«Қуаныш ұзақ болсын!» десе қалды.
Шаттықтан білмедім не етерімді...
Не сыймен бұл құрметті өтерімді...
Әлемге қуанышты жарламақ боп,
Әнекей, нұрлы күн де көтерілді!..

1927



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күннен күшті большевик

  • 0
  • 0

Күштісі күштілердің күшті алтын күн,
Жыл бойы: нелер миллиард, миллион, мық,
Ұршықтай айналдырып бар әлемді
Келеді бар дүниеде оған тең кім?

Толық

Биылғы егін

  • 0
  • 0

Сұлудай белі бұралып,
Толықсып, толық сыланып,
Даланы жауып егін тұр
Еңбектен өскен алтындар,

Толық

Георгий Хайдинге

  • 0
  • 0

Бұдан екі жыл бұрын, Бурабайда,
Тау тамылжып, гүл шешек атқан майда,
Кездесіп бірнеше күн ойнап-күлдік,
Сайраннан басқа алаң болмай ойда.

Толық

Қарап көріңіз