Өлең, жыр, ақындар

Н — Тысяча

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 454
Ал, кәне, ұш шарықтап, қиял құсым!
Қақсаң, қанат — қуатын «Н — Тысячам!»
Бұлтты желпіп, дауылды соңына ертіп,
Жетпей қонба Солтүстік жер полюсін!
Көк шатырын мойныңа тесіп кие,
Көктен асып, қанатың күнге тие,—
Ұшсаң қонар алдыңда аэродром
Гүл бағындай Солтүстік «Сияние».
«Сияние»— менің бір сүйер бағым,
«Ақ аюда» жырлағам сүйе жаным,
«Шұғыла» деп ат қойып, шалқып былай
Берген едім сипатын Шұғыланың:
Шұғыла атқан жаздың таңындай боп,
Сәулесі дөңгелене тамырлай кеп,
Бұлтқа шағылысты, боялды бұлт
Шебер шеккен кестелі шәйідей боп.
Толқынды нұр тулаған ағындай боп,
Жайнады нұр электр шамындай боп;
Құлпырды нұр тотының қанатындай,
Күлді нұр жас гүлдердің бағындай боп.
Батсайы шымылдықтай керіп ілген,
Етегі жайылымды басын бүрген;
Шұғыла көк жиегін жауып тұрып,
Бір кезде етегімен сара тілген —
Секілді жиырылды екі жаққа,
Төбесі гүл ораған бейне қақпа,
Қақпаның дөңгеленген жақтауынан
Мың түсті нұр тарады әр тарапқа,
Нұрын төгіп гауһар мұз құзды шыңға,
Аспаннан салбыраған алтын сырға,
Челюскиншіл ерлерді таңырқаған,
Шақырғандай болып тұр: — «Кел,—
деп,— мұнда!
«Барам!»— деп Шмидт сонда берді сертті
Қуат жоқ большевиктің жеңген еркін,
Шмидтің сертін еркі бастап ұшып,
Бетпе-бет Шұғыланың көрді көркін.
Қызған қайрат қоймады таппасына,
Мекендеп Шұғыланың нақ қасына
Қағылды, бес тармақты біздің жұлдыз
Құлпырған мың бояулы қақпасына.
Шұғыла күндіз сөніп, түнде жанбақ,
Біздің жұлдыз күндіз де түнде маздап
Бір сөнбейді, сәулесін күндіз күнге,
Түн болса Шұғылаға бірдей жалғап.
Шұғыла осал қару — жыртылады,
Көкке керген бауы тез қырқылады,
Біз тіккен ту берік жіп, берік арқау,
Желбіреген сайын ол құлпырады.
Ендеше қауіптенбе, қиял құсым,
Қиял құсым, алыбым «Н — Тысячам»,
Жұлдыз жағып, ту тіккен біздің ерлер,
Мекендеп мұз теңізде жер полюсін.
Солтүстік Шұғыласы жанбаса да,
Мың түрге көк жиегін малмаса да,
Біздің, жұлдыз, біздің ту Шұғыладан
Сәулелі де, сұлу да парласа да.
Сен, қиял — күн демей ұш, түн демей ұш!
Көкті киіп мойныңа, күн нұрын құш!
Көзіңе біздің жұлдыз ту көрінсе,
Полюс сол: қоналқаға сол жерге түс.
Мұхиттың мұзы — бейне бронетанк,
Бомбамен бұзу қиын оны жарып,
Біздің ту мен жұлдыздың жағалауы
Асфальтті аэродром қонсаң барып.
Водопьянов, Папанин, Шмидт ерлер,
Қонсаң, қайдан жүрсін?— деп сені тергер,
Сен оларға айт: «Мұнан бұрын да де,
Челюскин жорығына бірге ергем!»
Сен оларға айт: «Ақын бар, деді де,
Мен үшін қысып қолын ал, деді де,
Ұл туса, тусын совет ұлындай боп
Деп, әлемге саламын жар, деді де».
Сен оларға айт: «Ақын тасыды де,
Тасытқан коммунизм ғасыры де,
Ақындықтың бұлағы алып шықты
Жүректің түбіндегі асылын де».
Сен оларға айт: «Ақын асылын, де,
Сыйым деп жеке қарабасының де,
Жіберді де,— сендерге ерлерім деп,
Таңдандырған ерлікпен ғасырын де».
Сен оларға айт: «Ақын ұранын де,
Баса шырқап, қаламы-құралын де,
Жұмсап жатыр мұз теңіз суын шөлге
Каналмен әкелудің планын де».
Сен оларға айт: «Ақын шөлдерді де,
Шөлдеген мыңдар ғасыр жерлерді де,
Мұз теңізден суарып, таңдандырам
Жайнаған өсімдікпен көргенді де».

1937



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көңілім

  • 0
  • 0

Көңілім, мұнша қамықтың,
Әр нәрсені ойға сап.
Не нәрседен тарықтың?
Осыншама ойда қап.

Толық

Кегің кетпес, бауырым!

  • 0
  • 0

О, тағдыр, сен төндірдің
Басыма тағы ауыр күн.
Естірттің өлімін өндірдің,
Қайғысы қатты бауырдың!..

Толық

Литва

  • 0
  • 0

Келеді жортып поезым,
Екпіндетіп бұлқына,
Алдымда Балтық теңізі,
Жағасында Литва.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар