I — Магнит
1. ОРАЛ
Мұз теңізден күнгейге,
Созыла біткен Оралым,
Қанат жайған деңгейде,
Неткен көркем орамың!..
Жүздеп аққан өзенің,
Мыңдап аққан бұлағың,
Талдырмайды өзекті,
Қанады ішсем құмарым
Қалыңдай біткен бойыңа,
Өсімдік орман-жынысың,
Қол созсам әзір алуға
Таусылмайтын ырысым.
Көркейтуге тұрмысты,
Аламын нелер тасыңды,
Тастарыңнан не түсті
Табамын талай асылды,
Қоймаңда берік сақталған
Нелер қымбат кенің ше!..
Тауыса алмайды ақтарған,
Тасыңды қанша кемірсе.
Бойың бақыт бесігі,
Сүйікті сондай, Оралым,
Бұған дейін (кешірім!)
Тек атүсті қарадым.
Енді келдім, ырысым,
Аралауға ішіңді,
Ауаңның алып тынысын,
Керуге келдім ісіңді.
Тұр-319 тұлғаңды көрейін,
Танысайын сырыңмен,
Безендіре бөлейін
Бойыңды мен де жырыммен.
2. МАГНИТ ТАРИХЫНАН
Селода, ерте кезде сиыр баққан,
Малына тастақ жерде жусап жатқан
Бір қазақ келе жатса, етегінен
Секілді боп кетеді біреу тартқан!
Бұл жайға қазақ қайран қалады да,
Етігін зорға тартып алады да,
«Не болды?» деген оймен отыра ғап,
Тесіле қарайды кеп табанына.
Қараса ез етігі тозған кене,
Ұлтанын шарлай қаққан темір шеге,
Тай-тұяқ, өкшесінде темір нәлі...
«Тас тартып жабысады бұған неге?!»
Тасты ұстаса, жатыр жай кебірленіп.
Етік басса, қалады желімденіп!..
Қазаққа ой туады; «жатыр ма,— деп,
Көрінбей тартып әдей жебір келіп!»
«Сұмдықты» көріп мұндай ойда жоқта...
Селоға қашып келіп, жиын топқа
Қорқыныш сөзін айтса, «кереметті»
Тезінен жеткізеді олар попқа.
Поп залым қорыққан болып шоқынып ап
«Керемет кітаптарын» оқынып ап,
Жиылған жамағатқа сөз сөйлейді,
Шіркеуге кешке қарай шақырып ап.
Дейді поп: «Мен тәңірінің сезін айтам,
Ол жерде, тас астында жатыр шайтан.
Нанбасаң, күн күркіреп, жасын атса,
Әдейі сол маңайды бар да байқа!..
Найзағай жарқ-жұрқ етіп түссе тасқа,
Ол қылыш, періштелер сілтей шапса,
Шайтандар туралады... дұға оқып,
Кезіксең жата қал сен, тұра қашпа!»
Бұл сөзге құлақ тігіп діншіл қауым,
Басқан бір бұлтты күн Орал тауын,
Күдікті жерге барса, дауыл тұрып,
Төгеді сол маңайға нөсер жауын.
Найзағай жарқылдайды ирелеңдеп,
Үш жағы найзадай боп сүйрелеңдеп,
Қамала шаншығандай болып тасқа,
Кетеді оқтын-оқтын түйреген боп...
Поп сонда, деді жұртқа: «Көремісің?
Садақа періштеге көмек үшін
Берсеңдер, қылыштары өткірленіп,
Шайтандар кескіленіп өледі шын!»
Діншілдер бұл «уағазды» алды жаттап.
Шіркеуге ертеңіне пұттап, қаптап
Барды астық, қаз, үйрек жұмыртқалар,
Бәрін поп «дін қорына» қосты қаттап.
Шіркеуден кеткен кезде көздер тайып,
Алданғыш ақмаққа барын сайып,
Түсімі сатқан мүлік басып қалып,
Аз жылда алдағыш поп кетті байып.
Құлады сол бір тұста патша тақтан...
Халықты қара түнде улап шаққан
Жыландар жаншылды да, бақытты өмір
Жасауға еңбекші ел салды аттан.
Ашылған кезде солай ел санасы,
Советтік инженер боп топ баласы
Келді де кен ақтарды «Шайтан тастан»,
Жұмбақты сырын шешті тау сағасы.
«Шайтан тас» шықты ғажап магнит боп,
Молдығы ұшан-теңіз таңылып боп,
Ақтарып алу үшін асыл кенді,
Кірісті жұмысшылар ағылып кеп.
Тұтаса қалың адам алып қолға,
Заводты кен қорытар құба жонға
Орнатып, асыл болат, құрыштарды
Ағызды мың тонналап мартен, домна...
Үдеген сайын, құрыш тасқындауы,
Сүйініп досы Отанның, қорқып жауы
Қарайтын осы екен, жер жүзіне
Атақты айбыны зор Магнит тауы.
3. ТАСҚЫН
Домнадан тасқын судай аққан сұйық
Құрышты, қалып-вагон1 алса құйып,
Айналып қып-қызыл су көкшіл мұзға,
Лезде жып-жылтыр боп қалады ұйып.
Осынау мың тонналап құйған құрыш,
Отанға шек-шеті жоқ, бақыт, ырыс.
Өрбітіп ішкі өмірді, сырттан жауды
Тойтарып құрышпен ел алды тыныс.
Күйретіп қиындықтың қамалдарын,
Тағы да қала салу амалдарын
Үйренген Отан,
Құйды шым құрыштан
Ақынның қолға ұстар қаламдарын.
Бар іске сондықтан да ортақ қалам,
Қағазға тынбай жазып жортақтаған
Сөздері досқа сабақ, жауларға оқ
Боп тиді зырлай ұшып винтовкадан.
Бұл бетке мен де аршындай адым бастым,
Ісіне ақындардың араластым.
Отанның ой-қырына шым құрыштай
Жырдан да селдей тарап кетті тасқын.
1935
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі