Шыбық-өмiр келе жатты бүр атып – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Шыбық-өмiр келе жатты бүр атып» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 815
Шыбық-өмiр келе жатты бүр атып,
Күллi әлемнiң қуанышын сұратып.
Ерте есейiп, жылдам өскiм келгенмен,
Мен асықтым, асықпады уақыт...
Бала доспен бар қызыққа құмартып,
Ойын қудық жылатып та құлатып.
Бiрте-бiрте көңiлiмiздi суытып,
Жолдастықтың жiбiн үздi уақыт...
Жүрегiме сезiм орнап бiр ақық,
Бiр сұлуды жүрдiм сүйiп, ұнатып.
Арман болған ең бiр асыл нәрсеге,
Қара күйе жаға салды уақыт...
Тағдырымды талайыма сынатып,
Жолға түстiм шаңымды артта шұбатып.
Жайбарақат, жанға жайлы жер iздеп,
Асықпадым, ендi асықты уақыт...
Сонда ғана өкiнiштен жылатып,
Сонда ғана алдарқатып, жұбатып,
Өмiр-дария толқынына лақтырып,
Алға түсiп жүре бердi уақыт...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері