Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем

Бұл бетте «Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем» атты Есей Жеңісұлы жазған өмір туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 941
Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем,
Ақ тілегім Аллама жетер ме екен?..
Дәрігерлер дәру-ем таба алмауда,
Бөпем неге қысылып жөтелді екен?..
Ұлым менің, жалғасым, қарашығым,
Сен әлемнің сыйладың бар асылын.
Тез сауықшы, келтірші отбасымның,
Берекеге ұйыған жарасымын.
Жаным бөлек емеспін, әнім бөлек,
Бар әлемнің берейін сәнін бөлеп.
Үміттендім телефон дауысына,
Терезеңе еміндім «тәуір ме?» деп...
Үміт деген бір сөніп, жағылады,
Сен қызықтың көресің бәрін әлі.
Түсінбеймін, көлденең кесел деген,
Сенің титтей тәніңді неғылады?..
Тез жазылшы, сергі, ұлым, құлыншағым,
Артта қалар ауырған күнің сағым.
Біз баратын сапарлар күтіп жатыр,
Сан көліктің шығарып ыңыршағын.
Сен кіресің өмірдің базарына,
Тамсанасың сұлулар ажарына.
Атажұрттың ауасын жұтамыз біз,
Тәу етеміз бабалар мазарына.
Атажұртың аты да, заты нұрлы,
Қасиетімен өзіңді шақырулы.
Тоқым салып, асау тай үйретесің,
Қысып ұста сол кезде тақымыңды.
Біз тірліктің сүйрейміз көшін алға,
Өмір деген – тасыған жосын арна.
Шөп шабасың шалғыңды сыртылдатып,
Қайрағанда қолыңды кесіп алма.
Мұнда болмас құр бекер жүріс мүлде,
Елігесің мақпалдай тыныш түнге.
Көк сиырды бададан күтіп алып,
Қойкезек те бағасың қыр үстінде.
Күндер жылжып, ай жылжып өтсін, ұлым,
Жақсылықтың бәріне жетші бұрын.
Кешке қарай ақ бұзау еміп қойып,
Апашыңның иіскейсің көк шыбығын.
Атажұртта дәмдірек, ыстық асың,
Сан былғанып, тазарар үсті-басың.
Сұранбастан сытылып шығып кетіп,
Сұлу- үйдің сыртынан ысқырасың.
Сен ауылдың қарсы алып ала таңын,
Мүйізденер еңбектен алақаның.
Азамат боп өсесің сен осылай,
Топшың солай бекиді, балапаным.
Көру үшін осыны ауырмағын,
Мен тіледім дәрудің табылғанын.
Ауырып та, сауығып көру керек,
Көру керек өмірде бәрін-бәрін.
Мен сенемін, алдыңнан тосады арай,
Адамға өмір болушы ед қашан оңай?..
Бөбегіме сәулелі ғұмыр беріп,
Сауықтыршы, жалынам, Жасаған- ай...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем өлеңінің авторы кім?

Есей Жеңісұлы — осы өлеңнің авторы.

Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем өлеңі не туралы?

Бұл шығарма өмір туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Ауырмашы, жазылшы, бөпем, бөпем өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері