Амстердам – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Амстердам» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 545
Амстердам.
Әуежай абыр-сабыр.
Гу-гулескен әр тұста қалың шоғыр.
Алабұртып аспанға телміресің,
Алматыны жүрегің сағынса бір.
Бұл сезімді бір сәттік шалық деме,
Ұшпақ қазір бізді алып алып кеме.
Апыр-ай, жылжымайды уақыт қалай,
Дәл мендей асықпайды халық неге?
Алматымды сағындым, шын сағындым,
Жүрмін қазір ішінде мың сағымның.
Бір шаһардай керілген әуежайда,
Өткізе алмай күнімді, құр сабылдым.
Мен сағындым тау таңын, дала таңын,
Көзім жұмсап, шарықтап баратамын.
Ұйқысынан оянып жатыр ма екен,
Менің абат Алматым, Алатауым?
Сан әсерге бұл сапар бөледі көп,
Жұмақ болсын, жат өлке керегі жоқ.
Күтіп мені жатыр ма алма-қалам,
«Ұлым бүгін алыстан келеді» деп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері