Өлең, жыр, ақындар

Сәби мен күшік

  • 01.09.2021
  • 0
  • 0
  • 392
Бір сәби ойнап жүрді күшігімен,
Екеуі де риясыз көңілді еді.
Алаңсыз ойын қуған пішінімен,
Жуғандай бар кірбіңді өңіндегі.
Жүгіріп, асыр салып, доп қуалап,
Жүрді олар үй алдында құмар қанбай.
Талай жан қызығумен өтті қарап,
Дегендей: «Сүйкімді еді бұлар қандай?
Ойыннан сәби жүзі бал-бұл жанып,
Құйрығы күшігінің бұлғақтайды.
Бір тұрып, бір жүгіріп, дәлдүң қағып,
Бір сәтте жата қалып тырбақтайды.
Заманы өзге болса бүгінгіден,
Дәл бұлай ойнап олар жүрмес еді.
Қызықтап соларды аспан түрілді кең,
Бақытты айналадан нұр көшеді.
Алдыңа кеп өмірге ғашық күнің,
Бақыттан кірпігіңе шық тұрғандай.
Аспаныңның көрсетіп ашықтығын,
Бейбіт өмір тынысын ұқтырғандай.
Бірақ та тағдыр деген бір мықты бар,
Тұратын ылғи өзін еске салып.
Күш жоқ оған адамдық тілді ұқтырар,
Өзіне ғана ылғи кестесі анық.
Кім қарсы тұрады оның аранына,
Жаман ой келер дейсің демде кімге?!
Күшік түсті машина табанына,
Бұлт етіп жолға шыға келгенінде.
Сәбидің даусы шықты құлындағы,
Боялып қалды күшік қызыл қанға.
Өмірдің сәтте өзгеріп бұрынғы әні,
Дүние толы кетті ызыңдарға.
Нәресте пәк жүректі жасқа құрсап
Айырып айналадан қызық лепті!
Кездейсоқтық бір ғана қас-қағым сәт
Сәбидің қуанышын үзіп кетті!
Күн өтті, сәби жалғыз, үнсіз бүгін.
Томпиып тұрды ұзақ үй алдында.
Тауып маң сиректеу ың-шыңсыз күнін
Өрісін тарылтқандай қиялдың да.
Томпиып тұрды сәби қоңырайып,
Үн-түнсіз әлдеқандай ойға қалып.
Болған соң күшігі мен добы ғайып,
Ойын да үйде қалып қойғаны анық.
Өмір сан тосар әлі сұрақтарды,
Тағдырын да көркейтер сәнмен пішіп
Ұмытылар бәрі де, бірақ мәңгі,
Көкейінен кетер ме қан мен күшік?!
Сол сурет көкейінде тұр сезгенді,
Сол сурет одан берік тапты мекен.
Ойына салайын деп бір кездері,
Әлде оны тағдыр жазып жатты ме екен!?
Осылай бұл өмірде барлығы да —
Алдыңнан кезігетін тосын жай көп.
Тағдырың жазған сөздер жарлығына,
Айта алмас ешкім: «Міне, осындай!» — деп.
Бірақ та күрес керек адамдарға,
Жанға қаяу салмайтын жағдай үшін.
Әрқашан жетелейтін санаңды алға,
Мақсаттың қолға алсаң да қандай ісін.
Ізгіліктің әрқашан атып таңы,
Еңкейтпесін ешқашан бұла басын.
Адамдардың бүлдіршін бақыттары
Жанына қаяу түсіп жыламасын.
Жер бетінде оңдырар әлі ызғар бар,
Қарсы тұрып оларға тіл қатыңдар!
Сәбилердің көз жасын ағызбаңдар,
Сәбилердің көз жасын құрғатыңдар!
Тып-тыныш кетпесінші таңдар көшіп,
Ұйықтарда да бесігін жай ырғаңдар.
Оларды қан көрсетіп, шошытпаңдар,
Ойнайтын күшігінен айырмаңдар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әсерлі сөз

  • 0
  • 0

Көрсете алған көңілдерден күліп бой
айналайын, әсерлі сөз, білікті ой.
Таза болса, мөлдір болса екеуі
жан сусынын қандыратын тұнық қой

Толық

Ару

  • 0
  • 0

Табынбаған атына оның ер тегін,
басталады содан ғажап ертегің.
Бабам қазақ қастерлеген қызды ерек,
Ару деген Ай мүсінді көркемін.

Толық

Жанарындай көктемнің

  • 0
  • 0

Жанарындай көктемнің,
Жаның сенің мөлдір-ақ...
Елестейді жымисаң –
Жаз-табиғат, көл-құрақ...

Толық

Қарап көріңіз