Зейнептің киіз үйі – Гүлжауһар Сейітжан

Бұл бетте «Зейнептің киіз үйі» атты Гүлжауһар Сейітжан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.09.2021
  • 0
  • 0
  • 659
Ән салдырған Тастемір мен Досатқа
көрік қосып осы атқа,
Маңғыстауда, он саусағы өнер күйін төгілткен
бір келіншек тұрады екен Қошақта,
Сүйіндірген ажарымен маңды әрі,
еңбегіне зейнет құйған таңдары
Зейнеп атты сол әдемі келіншек
атышулы жылқышының жан жары.
Кеуде толы сырларыңды бірге ұғып,
қуанысып, той болардай дүрлігіп
ол тоқыған басқұрлар мен баулардан
қарап тұрар бұлбұл сайрап, Күн күліп.
Артық бейнет көрер бәлкім кім ермек,
ал келіншек қиял құсым түлер деп,
дала кейпін алашаға түсірсе —
көктем болып сыр шертеді гүл-өрнек.
Бабамыздан қалған осы нар мұра
Зейнептің шын жанына тым жақты ма —
киіз үйді тігіп қойды ұядай,
бау-бантиктің неше түрін тақты да.
Өнер десе бата берер жайған қол,
бұл өңірде жақсы дәстүр, сайран мол
Зейнептің сол махаббатын паш етіп,
Маңғыстаудың көрмесіне айналды ол...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері