Мұнайшы
1964 жылы Өзен мұнай-газ өндіру басқармасын құрып, оның тұңғыш бастығы болған атақты мұнайшы, белгілі қаламгер Рахмет ӨТЕШОВКЕ арналады.
Аңыз өмір
Ғұмыры оның аңыз ба,
Ертегі ме,
Шықты, әйтеуір,
Өмірдің ең төріне.
Жаңаөзенде жайқалған тіршіліктің,
Ұқсайды енді желбіреп,
Желкеніне.
Өрге қарай домалап алғаш тасы,
Атанды деп, (болса да бар басқасы)-
Атыраудың алмастай ақ кездігі,
Маңғыстаудың маңдайлы,
Марқасқасы...
Рухы оның жаралған күрестерден,
Ғұмырына содан мол үлес берген.
Көрінбесе егер ол сәуле шашып,
Ұлылығын ұлының кім ескерген...
Болады ғой десең де жас та мықты,
Қиын шақта қаймықпай қасқарыпты.
Жиырмада үйіріп басқарманы,
Ауданыңды отызда басқарыпты.
Өмір оны сынақтан мың өткізген,
Жүрек қылын сан рет дір еткізген.
Иығына зіл батпан жүгін артып,
Қары талар салмақтан білекті езген.
Сыр бермеген,
Бірақ еш сыр бермеген,
Жағаласып бойды езген күндерменен.
Шыдаған ол бәріне сынақтардың,
Сау болсын деп, әйтеуір,
Мінген кемем...
Сол бір жап-жас мұнайшы,
Жұмыскерді,
Жаратқандай бастауға ұлы істерді.
Басқарма ашып Өзенде мұнай,
Газға,
Жаңаөзендей қалаға тыныс берді.
Тарихында қалды енді таңбаланып,
Көкірегінде оянған арман алып.
Жанын салған соларға жан берем деп,
Рахмет аты жүр енді самғап ағып.
Өтеймін деп адамдық парыздарды,
Әкелді ол өмірге сан ізгі әнді.
Жүріп өткен іздері сайрап қалған
Аңыз оның өмірі...
Аңыз мәңгі...
Апат пен Жеңіс
Гүрлеп тұрған кезі ғой,
Жаңа ашылған,
Өзен қымбат бұл кезде сан асылдан.
Игеруге жол іздеп талай ғылым,
Мұнайшылар көз ілмей,
Таң асырған.
Жоғарыда білгіш те,
Талапты әркім,
Есептейді жан-жақтан қарап нарқын.
Бірі олай тартады,
Бірі бұлай,
Бас мәселе — қысымы қабаттардың.
Алынатын мұнай жоқ оңай ғана,
Болса да қанша қоры мол айнала.
Газ жіберіп,
Су айдап, қысым жасап,
Өндіреді әлемде, солай ғана.
Жоба тауып ерекше, бірі кенет
Шығарады өрекпіп үнін ерек.
Бірақ оған көнбейді,
Құрамы өзге,
Мұнайының Өзеннің түрі бөлек.
Тапқандай,
Сол «сырқаттың» бір-бір емін,
Жеңістің отауына кім кірерін.
Біле алмай жүрген көптің ортасында,
Рахаң да ойлап жүрген түрлі жолын.
Қабатқа қысым керек,
Қысым керек..
Қуат бар сол қысымның күшінде ерек.
Жоқ па екен соның бізге қажеттісі,
Әлемдік тәжірибе ішінде көп...
Иә, иә...
Біреу бар көңіл демдер,
Ақталар мүмкін содан,
Төгілген тер.
Айдағанда,
Су-мұнай арасына,
Сұйық газ балауызды өнімді ерітер.
Алайда сынақ керек бұғандағы,
(Сөз емес өзгермейтін Құрандағы).
Дәлелдеу керек бәрін...
Керек бәрін,
Жарамас әншейін сөз,
Ұрандары...
Сыналған осынау әдіс әлемде деп,
Бүгін-ақ өз ойларын дәлелдемек.
Бірақ ол білген жоқ-ты...
Дәл сол күні,
Қаларын тірлік туын әрең демеп...
Кім үшін түйсе-дағы түйінді кім,
Айтпақ-ты жауапты да,
Қиындығын.
Талқыға салмақ сонда өз жобасын,
Одақтық маңызы бар,
Жиын бүгін...
Бірақ та жеткізбеген тағдыр мұны,
Сеп болмай іскерлігі,
Алғырлығы,
Құлатты орта жолда,
Ал ішінде:
«Айттым ғой?» — деп,
Әкенің жаңғырды үні...
Асығып келе жатқан жиынға олар,
(Асықпау мұндай шақта қиын болар).
Салмақшы сонда ортаға талай мықты,
Жобаның түрі болса, миында оңар...
Ақ «Волга» зымырайды жол үстінде,
Жол қалай,
Елемеген оны ешкім де.
Асфальтта төрт доңғалақ жарысады,
«Дес бермен, — дегендей-ақ, —
мен ешкімге».
Мүлгиді жолаушылар,
Күбір тынып,
Таңғы ауа әлдилеген шымыр,
Тұнық.
Кенеттен,
Мін түсіріп жүрісіне,
Қалғандай болды көлік,
Бір іркіліп.
Қарайтын жер емес қой,
Тұрып келіп,
Деп өзіне сәл жайға үрікпелік,
Рахаң үнсіз отырды,
Салмақтанып,
Көңілі дүрліксе де,
Күдіктеніп.
Түйсігің кейде бәрін ұқтырады,
Көрсетіп,
Демесе де: «Күт мынаны!»
Көңілі секем алған жаңылмапты,
Тағы бір іркілгенде...
Бітті бәрі...
Тірліктің осындайдан жалғаны да,
Жете алмай үміт,
Тілек маңдарына,
Қалғанда жаны жылап,
Жүрек қысып,
Жиыны,
Басқасы да қалды адыра...
Қырық екі жас...
Жер басып келген жері,
Болып қалды,
Жоқ оған теңгермегі.
Осы шақтан...
Осы бір күз күнінен,
Ғұмырының басталған сергелдеңі.
Қандай күйде жүрсең де қалмас арман,
Ажал деген мықтыңыз сан бас алған,
Өкшелеп кеп бұларды,
Тұра қалып,
Сол тағдыр мен тарихқа таңба салған.
Сынағы ма,
Әлде бір ойыны ма,
Жоқ-ау өзі,
Түкке де,
Тойымы да.
Әуелден-ақ міндеті ауыр жанның,
Артты енді батпан жүк мойынына.
Өтеріне бұл сыннан мол күмәні,
Қиындықтың ылғи бір қоңдылары,
Жиналып кеп алдына деп тұрғандай.
«Күрескіш болсаң егер,
көр мынаны».
Сенбеген алғашында...
Сенбеген бұл.
Үміттің алуан түрін теңдеген бір,
Тілектің аппақ жібін бырт-бырт үзген,
Далбаса болып шықты ем деген құр...
Шын сеніп ізгілікке құмар жаны,
Бұл мансұқ өтіп еді-ау бір Алланы.
Қайтадан қос қанатын жаза алмады,
Қайтадан екі аяққа міне алмады...
Жұлмалап жас жүрегі мың арнаны,
Неге бұл...
Неліктен деп ұрандады.
Бірақ та тағдыр одан қаймықпады,
Қайтадан табан басып тұра алмады.
Шүкір деп сөнбегені жарығының,
Өзгерте партия еккен сан ұғымын,
Садақа берсе қалай болар ед деп,
Есіне Алла түсті тағы мұның.
Іс пе бұл халқына жат,
Елге бөтен,
Демепті-ау,
Өз суымды кермек етем.
Неліктен әке бетін қайтарды екен?!
Неліктен сол тілегін бермеді екен...
Не пайда өкініш ой торлағаннан,
Не пайда болғаннан ел қолдаған жан...
Өмірін өзі арнаған сүйікті ісі,
Өзеннің даласында,
Ол да қалған...
Іс таңдамас, қалмас деп қолда кірі,
Басшы еді ізденгіш, мол-ды ақылы.
Жан ұшырып жүргенде, мұнай қуып,
Байтал түгіл, бас қайғы болды ақыры.
Бір қайырым болған-ау тегі Алладан,
Азап оны бәрібір жеңе алмаған.
Ерлік пенен қайсарлық, төзім менен,
Қасқайып, қарсы шығып, кек алды адам.
Елестеп, көз алдына батыс дала,
Лайықсыз көріп, текке жатысты аға,
Ойлаған ғұмырының алғы ағысын,
Деп енді,
Бір Алла мен Сақыш пана...
Бағыштап соған тілек, құлдығын да,
Сыйынып сол екеуге шындығында,
Шылбырын тағдырының ширатты енді,
Ерлік жасап, жетерлік бір ғұмырға.
Бас бұрып талап атты мәңгі жолға,
(Ежіктесе таусылмас әңгіме ол да).
Қара майдың қайтадан жырын бастап,
Зерттеулерін, қайтадан алды қолға.
Қайта тауып күндерді нұр айдарлы,
Серігіне айналды мұнай мәңгі.
Таңдайына еңбектің тәттісі кеп,
Тіршілігі қайтадан шырайланды.
Еңбегінің көрініп алтын дәні,
Жеңісінің жалауы жалтылдады.
Жасампаздық жалауын берік ұстап,
Сол үшін тартыстан да тартынбады.
Мәңгілікке орнығып көңілі шын,
Қайраткерге айналды өлі мүсін.
Ей, адамдар, сүйе біл тіршілікті,
Күресе біл осылай өмір үшін...
Әке жүрегі
Сезген-ді ол бәрін де, сезді бұрын
Жалаңдаған тағдырдың кездігінің
Кезелгенін өзге емес осы бетке,
Көздегенін өзге емес, өз құлынын...
Кәрі жүрек сол сөзден діріл қағып
Кетіп еді қалтырап, тынымды алып,
Қалай білген, апырай, бір пәлені,
Жүріпті ғой тағдыры шын ұйғарып,
Жалғыз ұлы, мақтаны, шамшырағы,
(Бетін жуып, ащы жас тамшылары).
Апат болды дегенде, естен танып,
«Тірі ме өзі» болыпты бар сұрағы...
Апатқа ұшырап жалғыз ұл,
Нар тірегі,
Қарт жүрегі аяусыз қамшы жеді.
«Садақамын,
Жолыңа құрбандықпын, —
Деп, енді солай ауды бар тілегі.
«Көпсіндің бе оң басқан талаптарын,
Арманының тастадың қамап бәрін...
Жанын сақта,
Енді тек сұрайтыным,
Садақаға мені ал,
Жаратқаным...»
Тілек тілеп, үмітке тағы барып,
Жазылар деп, баламның бағы жанып,
Бір жақсы хабар күткен Алматыдан,
Шүкір ғой деп жатқаны жаны қалып...
Болған шығар құдайдың сенген құлы,
Деп шешті жұрт тілегін бергендігі.
Үзіліп кетті өмірі, басқа бастық
Орнына баласының келген күні...
Ұлы қалды артында...
Ұлы қалды...
Алдында оның әлі көп күні бар-ды.
Жалғап қалған ғұмырын баласына,
Әке жүрек осылай тыным алды...
* * *
Жылдар өтті...
Көп жыл өтті арада,
Жаңа ғұмыр орын алды санада.
Партияның қызыл туы жығылып,
Көк ту қонды қала менен далаға.
Өзгерді де ел мен жердің айдары,
Ызаланып, үстемдік тіс қайрады.
Қолға беріп тізгінін бар биліктің,
Желбіреді тәуелсіздік байрағы.
Тәуелсізбіз, өкпеміз жоқ құдайға,
Еркіндіктің күлкісі енді шырайға.
Неше ғасыр бодан болған қазақтың,
Қолында енді, діні, тілі, мұнай да.
Табын танып тәуелсіздік таңбаның,
Елестетіп қырандардың самғауын,
Рахаң енді заман жайлы толғанды,
Жастайынан өзі көрген зардабын.
Алып жүріп алғысын да, қарғысын,
Құра алмапты салтанат пен сәнді шын.
Жүрген сынды айдаудағы адамдай,
Таңып тастап қол-аяғын, жан құсын...
Жолын тауып кетсе-дағы таңдаған,
Бостандыққа мейірі бір қанбаған.
Партия үшін тыңдамапты, пенде боп,
Дегенде әке «тыңдашы бір, жан балам ...»
Ол заманның бар өз билік, өз демі,
«Мұнай» деген бір-ақ мақсат көздеді.
Ал адамдар шүберекке жан түйді,
Өз байлығын жұмсай алмай өздері.
Ойлап көрсе көрген қызық там-тұм-ақ,
Көше кезіп кетпесе де, нан сұрап,
Ағаш үйде шыжғырылып аптапқа,
Ызғар ұрды, жеркепеде қалтырап...
Ен байлықтан жарқыраған маңдайы,
Шаң мен шөлден кеберсіді таңдайы.
Көзіне нұр, жанға рахат бола алмай,
Дария болып жатқан көлдің бар майы.
Тарих болды енді бәрі, ол күндер.
Еске алсаң көңіл ғана төркіндер.
Шат кезің де, өкініш пен мұңың да,
Шығып, батып, тек ойыңда көлкілдер...
Күндер өтті бір жабырқап, бір күліп,
Жүректерге алуан сезім тұндырып.
Хикаясын сол күндердің сипаттап,
Рахаң енді кітапқа екті сыр қылып.
Әлпештеген қыздары мен ұлдарын,
Рахаң — енді бірі биік тұлғаның.
Ғалым болды, шешемін деп қалайда,
Балауызды қара майдың жұмбағын.
Алыс қалды,
Мұң сыйлаған қатал күн,
Құрметтісі өзі салған шахардың.
Жарының бар жеңістерін тойлаған,
Еңбегі шын жанды Сақыш апамның.
Сөнбеді үміт,
Жүректегі жалын да,
Жарқырады тіршіліктің тағында.
Тілейміз біз орнасын деп мәңгі жаз
Қиындықтар еккен жеңіс бағында...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі