Өрік гүліндей үлбіреп үнсіз – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Өрік гүліндей үлбіреп үнсіз» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 675
Шарпыды бір от жүзіме төніп,
Бір әуен жетті шалғайдан.
Ауыстырыпты көктем-қыз келіп,
Жапырағымды сарғайған.

Күзгі жаңбырда сөнген сезімді,
Тұтатып жасын үрлеген.
Самалы келіп аластап кетті,
Көңілімді әбден кірлеген.

Бақытың сенің осы ма еді,
Жоғалтып алған кеше деп,
Ақ жаңбыр іңкәр жүректің сөзін,
Төбемнен төкті төпелеп.

Дала екеуміз тыныстап алдық,
Жусанның исі бұрқырап.
Көктеммен солай қауышып жатты,
Тіршілік біткен шұрқырап.

Өрік гүліндей үлбіреп үнсіз,
Төгілуге де шақ тұрғам.
Түсірмей жерге қағып аларсың,
Қуанышымды лақтырған!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері