Біздің тау – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Біздің тау» атты Мағиза Құнапияқызы жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 748
Өлең жырдан ажырамас бір елі,
Біздің мекен батырлар мен жыр елі.
Алтай таудың төбесінде жатқан қар,
Басқа қарға миығынан күледі.

Бұзып жарған бөгеттерді таси кеп,
Тентек толқын жағалауды қаси кет,
Ұйқысынан оянған қар түссе еске,
Тәңір тауға қояды жай бас изеп.

Тауға құштар тау бөктерін жол қылды,
Жете алмай биігіне болдырды.
Жердегі қар күте-күте ғашығын,
Жылай-жылай көздің жасын көл қылды.

Төзімің де осы жерде сыналар,
Асқақтықты біздің таудан сұрап ал.
Қалай жеттім сырымды біл дегендей,
Күлімдейді тасқа біткен қыналар.

Тау суына жуып алып бетімді,
Шалғынға аунап ойға батам не түрлі.
Қадау-қадау қарағайлар қазақтың,
Қадау-қадау ақындары секілді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері