Саған деген – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Саған деген» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 969
Жанарыңнан жарқ етті тосын ұшқын,
Құдіретіне таң қалам осы күштің.
Саған деген қаймақты ойларымды,
Тәңертеңгі шайыма қосып іштім.

Бірі едім өзіндік еркі бардың,
Қалмай ерік өзіңе елітіп алдым,
Үйде жалғыз қалдырғым келмей сенің,
Елесіңді қасыма ертіп алдым.

Көргенімді елеске айтып бердім,
Сымбатың бар қасындай айшықты ердің.
Саған деген сенімнің білегінен,
Ұстап алып үйіме қайтып келдім.

Шумағына айналып өзің жырдың,
Жан сарайын мекендеп кезіп жүрдің.
Саған деген әдемі қиялымды,
Жамылып ап алаңсыз көзімді ілдім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері