Туғаннан жақсылыққа көрші екенмін – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Туғаннан жақсылыққа көрші екенмін» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 654
Туғаннан жақсылыққа көрші екенмін,
Татпадым өмірдің көп мен шекерін.
Түсініп достасуға көгершіндей
Жүректі жүректерге елші етемін.
Аулына әділеттің жақын қондым,
Былдырлап тілім шығып ақын болдым.
Түсіпті алғаш көзім биіктікке,
Биіктік болар, бәлкім, ақырғы орным!..
Туғаннан ақ сәулеге ғашықпын мен,
Төгілген төмен қарай ашық күннен.
Шомылып күн нұрына шұғылалы
Бесігін дүниенің ашыппын мен.
Мен қайдан көкжиексіз жай таба алам,
Көңілім шексіз-шетсіз байтақ алаң.
Айналып жырымменен жыл құсына,
Әр келген көктемменен қайта оралам.
Уақыттың тілін алға зыр қақтырам,
Кеудесін көре алмастың мұң қаптырам.
Құрымай жер бетінен, жыр арқылы
Әр келген көктемменен гүлдеп тұрам.
Уақыттың ырғағына үн қосамын,
Тіршілік қайнап жатқан тынбас ағын.
Айналып табиғаттың перзентіне
Ай, күнмен, жұлдыздармен сырласамын.
Бергендей жүрегіме отын кей күн,
Ғашықсыз жәудіреген жетімдеймін.
Адамдық сезімменен бұл өмірге
Келіп бір кеткеніме өкінбеймін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері