Аралды аңсау
Неге айтасың «Аралды тартылды» деп?
Неге айтасың «Ағын су сарқылды» деп?!
«Арқыраған ақ толқын арнасында
Ақша құмға қақалып, қарпылды» деп?!
Қарық қылған халқымды қайран Арал,
Хал-жағдайың қазіргі қайда барар?
Ақ толқыныңды сағындым ақпанда да,
Арнасымен ақырын жайлап ағар.
Жетуші еді жолаушы мұнда асығып,
Жатушы едің мың тулап, мың басылып.
Қасық суды қалдырмай қасаң тартып,
Қайда кетіп барасың құмға сіңіп?!
Ойламап ем жазам деп жырды мына,
Сені білмей алмаспын Сырды ұғына.
Торғай, Ырғыз қаймығып айбыныңнан,
Алдыменен құятын құрдымына...
Сені сыйлар жоқ еді халқымда мін.
Шағалалар төсінде шарқ ұрғанын.
Көрдік талай көркіңнен көз айырмай,
Қалай, мынау құр босқа тартылғанын?!
Жолаушының ілікпей назарына,
Айналмайсың құстардың базарына.
Аралды ойлап қараймын қайта-қайта
Әбдіжәміл ағаның ажарына.
Амал қанша,
Құр босқа бал ашқанмен,
Амал қанша,
Құр босқа таласқанмен.
Жарқыраған төсіңде, қайран Арал,
Жарқыл қағып жүрмедім
Жарасқанмен.
Жете алмадым мен сөйтіп арманыма,
Жалғыз балық түспеді қармағыма.
Арал – тегі теңіз ғой,
Теңіздердің
Жай әншейін тартылып қалғаны ма?!
Теңіз едің жаралған бір бағыма,
Ырыс болған ойдағы, қырдағыға.
Неге мұнша мүләйім күйге түстің,
Мөлдіріңді біреулер былғады ма?
Қалды ма әлде тұнығың лайланып,
Адалдығың адамға айдан анық.
Құшағына кіріп ап ақша құмның,
Жатқаның ба бұғынып, былай нағып?!
Жатып алып жағаңда жамбастайын,
Өзің жайлы тағы да ән бастайын.
Бірте-бірте жұтылып бара жатсың,
Су түбіне жоғалған алмастайын.
Құдіретіңді мен сенің жасыра алман,
Қайта толар ақ толқын асыл арнаң.
Тағдырыңа тұра алмас ара тұрмай
Татып-білген тұзыңды басы бар жан.
Бәлкім,
Бәлкім, арнаңда қайта ағарсың,
Құрағыңмен құлпырып, жайқаларсың.
Құрақ ұшқан көңілің асып-тасып,
Құмарыңды бір басып, жай табарсың.
Ұлың сенің осылай ойға барар,
Күнің тусын күлімдеп жайлап ағар.
Қара жерге қимаймын тамшыңды да,
Қара жердің өзіндей қайран Арал!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі