Сырбайдың дауысы
1
Шөлдеген жердей жауынға,
Жыр құмар кезім болатын.
Бір күні біздің ауылға
Сау ете қалды топ ақын.
Қуанып қалдық біз-дағы,
Қуаныш – көркі баланың.
Сейіліп соғыс ызғары,
Сергіген кезі даланың.
Жиналмас халық мұндай көп,
Сыймай жүр бойға дарыны,
Көрсетті біреу «Сырбай», деп
Сидиған ұзын сарыны.
Ұсынып жұртқа жан гүлін,
Оқыды өлең не түрлі.
Басқадан гөрі әлгінің
Әлпеті бөлек секілді.
Тағатын елдің тауысса
Күткені шығар жаңа жыр.
Гүр ете қалған дауысқа
Дүр ете қалды бар ауыл.
Жұрт түгел жырың ұнатып,
Қадалып қалды көз неше.
Басқадан гөрі бұл ақын
Болып тұр маған өзгеше.
Қараймыз оған біз ойлы,
Бір шарлап Волхов аспанын.
Жаралы саусақ түзейді
Жалбырап тұрған шаштарын.
Қанатын ажал жайғанда,
Қансырап, әбден кектесіп.
Ақынмен бірге майданда
Жүреміз біз де от кешіп.
Шабыттың шоғы жанғанда,
Шулады ел-жұрт жыр тілеп.
Кемпірлер, тіпті шалдар да
Көзінің жасы сіркіреп.
Құшағы елмен қауышса
Құлашын сермер кеңірек.
Дүркіреп шыққан дауысқа
Дүрлігіп кетті төңірек.
Тыңдады түгел ұйып бір,
Басылып сол сәт жел демі.
Қалғандай қатып биік қыр,
Толқымай тұнық көлдері.
Секілді шыққан шыққан үн,
Бұрқырап тасып қайнардан.
Сырбайдың даусын тыңдадым
Сарқырап аққан сайлардан.
Жаңғыртып кейде даланы,
Жан оты сөйтіп маздар ма?
Дауысын еске салады
Қаңқылдап өткен қаздар да.
Мойындар емен ешкімді,
Болса да үннің түр-түрі.
Даусындай соның естілді
Көктемгі күннің күркірі!
Оңаша қалған кезімде,
Тұратын кім бар жайды ұқпай.
Сырбайдың даусын өзім де
Салатын болдым айнытпай.
Еліктеп кетсең расында,
(Болсаң ғой сондай, о, бірақ...)
Тұратын болды шашым да
Таралмай,
Тіпті қобырап.
Өлеңім – ол бір биігім,
Тұрар-ау қашан ел тыңдап,
Үстіме киген киімім
Қолайсыз, тіпті,
Қолпылдап.
Көруді талай аңсадым,
Көз ілмей шығам таңға ұзақ –
Оқ жырып кеткен саусағын
Келтіре алмадым
Жалғыз-ақ!
Тұтата алмай жыр отын,
Үрлеуші едім тынбай көп.
Мәз болып сонда күлетін
Біреулер «Бала Сырбай» деп.
2
Оқу да бітті,
Онда мен
Он жеті жасқа толғанмын.
Алматы келдім – жан денем
Отына балқып арманның.
Өлеңге өле құштармын,
Өзіме таныс бұрынғы
Ішінен ақын-құстардың
Таныдым жазбай бір үнді.
Сырбайдың дауысы...
Жыр оты
Бұзғандай жаудың қамалын –
Мінбеден өлең тұр оқып,
Маздатып жанның алауын.
Құшақтар ыстық қауышса,
Тапқандай көңіл бір емін.
Дүр ете қалған дауысқа
Дір ете қалды жүрегім.
Елестеп көзге алыс қыр,
Қозады дуда намысым.
Баяғы маған таныс түр,
Баяғы маған таныс үн.
Толқып бір тыңдап сол үнді,
Жарылып тұрдым ағымнан.
Тапқандай болдым жоғымды
Талай жыл іздеп сабылған.
Құшағын қайта жайды арман,
Құйғыта шапқан құр аттай
Құмартып келіп,
Қайнардан
Қанып бір ішкен бұлақтай...
3
Кездесу сәтін көп күттім,
Жайғасып қалай жатпақ ем.
Көшеге шықтым.
Көп тіпті
Телефон-автомат деген.
Кіріп ап соның біріне
Телефон шалдым сол үйге,
Ол менің Сырбай үніне
Құмартқаным ғой, әрине.
Не деген албырт сезім ең,
Билеген бойды құдірет.
Тайсалмай,
Тура өзімен
Тілдескім келді бір рет.
Әр жақтан әйел дауысы –
Әсерлі, әсем, жіңішке.
Белгісіз жақын, алысы
Сыңғырлап тұрды күмісше.
Кейіннен білдім. Ол дауыс
Күнжамал жеңгем үні екен.
Телефондағы толғаныс,
Естіген сөзім: – «Кім екен?!»
– Кім болды екен! Кім өзі?
(Жеңешем бір сәт өтінді)
Дауысынан-ақ мінезі
Көрініп тұрған секілді.
Шашымды қолмен сілкілеп,
Түстім де ақын қалпына.
Оқыдым өлең күркіреп,
Салып ап Сырбай даусына.
«Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.
Жүрмеймін көтермесең,
Деп маған еркелейсің.
Өтірік кетем десем,
Кетпеші ерте дейсің.
Дейсің сен ұрсып анам,
Жөнімді сұрады деп,
Болдым-ау қырсық саған,
Деймін мен жылағым кеп.
Сен мені ұнатасың,
Мен сені ұнатамын.
Кетпеген балалығы
Кейпіңді ұнатамын.
Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім,
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім».
– Сырбай-ау, саған не болған?
Келсеңші үйге тезірек.
Жөн бе екен жөнсіз жоғалған,
Үйіңнен өзің безіреп.
– Әңгіме-дүкен құрысып,
Кездесіп қалып бір ақын.
Сонымен ептеп, сыра ішіп,
Жайым бар біраз тұратын.
Нық ұстап сол сәт өзімді,
Сыналар, сірә, жер екен.
Айтқызбай соңғы сөзімді
Зың ете қалды телефон...
4
Талай күн өтті.
Түсімде
Жүреді ылғи өкпелеп.
Одақтың үйі ішінде
Кездесіп қалдың бетпе-бет.
– Сен бе едің салған даусымды,
Демеп ем сені тап мұндай? –
Түнеріп тұрған тау сынды,
Қарады маған жақтырмай.
Боларсың ақын сен де енді,
Ағарсың толып арнада.
Алдасаң алда жеңгеңді,
Өлеңді бірақ алдама!
Солай, – деп, – солай, балақан! –
Өзгеріп сәттен ашулы.
Аялы жұмсақ алақан
Сипалап тұрды шашымды.
5
Апталар, айлар ауысты,
Алмасып жазым, қысыммен.
Сонда да сол бір дауысты
Қайталай бердім ішімнен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі