Өлең, жыр, ақындар

Шулаған ауыл

  • 21.09.2021
  • 0
  • 0
  • 673
Шулаған ауыл,
шыққанда жырым алғашқы,
Мазақ қып бәрi қызарып кеткен Қарғашты.
Отызға толдым,
ол жылдар қалды белес боп,
Қанша жаз өтiп, даламды қанша қар басты.
Шулаған ауыл,
үмiтiн үздi бiртiндеп,
Кешегi достар сыртымнан бүгiн жүр күндеп.
Көргенде менi қызарып кеткен қу қыздар,
Көзiңнiң жасы,
қолыммен қашан сүртiлмек,
Армандап жүрмiн сырласар ма едiк шiркiн деп.
Отызға келдiм,
он сегiз қалды белес боп,
Бал дәурен шақтар өтедi кейде елес боп.
Алғашқы жырға
шулаған ауыл тым-тырыс,
Ақын атанып айдардан қашан жел еспек.
Отызға келдiм, отызға кiмдер келмеген,
Қарызбын қанша, Қарашық өткен жерге мен.
Жырымды менiң
бiлмесе-дағы мұңдылау,
Бiргемiн мәңгi, момындау туған елменен.
Өлгендер өлдi,
оқиды менi тiрiлер,
Оқыған сайын жүрегi қан боп тiлiнер.
Бiрiгер сосын
жоғалтпау үшiн тiлiмдi,
Бетiнде жердiң жоқтығым сонда бiлiнер.
Тiрiлер түгiл оқыған менi өлгендер,
Дәлелдер оны тыңдағандар мен көргендер.
Қамықпа бiрақ
сыйлайды қанша тұлпарды,
Думанды, нулы қазаққа менi берген бел.
Жоқтығым менiң бiлiнер жердiң бетiнде,
Келуiң керек шешiмге желдiң өтiнде.
Жатармын жым-жырт
жұпыны, мұңды бейiтте,
Аясаң бұрыл сонау бiр жолдың шетiнде.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дінмұхамед Қонаев жайлы жыр

  • 0
  • 0

Қимай тұрып батқан сұлу кештi мен,
Бұл есiмдi бала кезде естiгем.
Құлағыма мұңлы сарын жететiн,
Қобыз әнi... келе жатқан ескiден.

Толық

Абай

  • 0
  • 0

Жолайрықта тұрмыз біз,
Шетін сезіп сырыңның.
Түсіне алмай жүрміз біз,
Қалтарысын жырыңның.

Толық

Шеттегi көше

  • 0
  • 0

Шеттегi көше,
жүретiн ойнап бiр бала,
Шалқаңнан жатып
қараушы ең ұшқан тырнаға.

Толық