Әуенмен жаным достаспай – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Әуенмен жаным достаспай» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 889
Әуенмен жаным достаспай,
Әнімді менің тыңдар кім?..
Алмасым тұрса тот баспай,
Алмасын жырдың турармын.
Жасырын сақтар сыр қалмай,
Сезінің селі көмгенде.
Жүрегім менің сырнайдай,
Сыңсып бір сарай кеудемде.
Жылдардың бастым пернесін,
Күндердің күйін келтіріп.
Алданар бірақ пендесің,
Арбаса тірлік көз тігіп.
Сыбызғы тарттым саз үнді,
Самарқау кешті ұйытып.
Сұлулар мені сағынды,
Сағынбай кетсем ұмытып.
Жамылып жанат ішігін,
Құбылып жатса қыз-ғұмыр,
Жағырттым ойдың ұшығын,
Шоғында шабыт қызды жыр.
Балқыттым болат тасымды,
Гулетіп күйдің көрігін.
Көңілім сүттей тасынды,
Тарқатып кірбің көбігін.
Құмармын әнге әуелден,
Құярмын әсем наз үнді.
Ұқтырам ерке әуенмен
Өмірге өкпе-назымды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері