Көңіліңе түсіп боқырау – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Көңіліңе түсіп боқырау» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 789
Көңіліңе түсіп боқырау,
Жүдетсе желі сан жылдың,
Әніме менің осынау
Жұбанып, сонда сал, құрбым.
Қурамай жасыл гүл бақтар,
Шыланбай жасқа мөлдір көз,
Кеудеңнен кәусар бұлақтар
Аққанда маған болдың кез.
Кез болдың, сәулем, сен маған
Қарлығаш қасты көктемде.
Алмадай жүзің солмаған,
Айнаға нұрын төккенде.
Бұлаңдап бота қос бұрым,
Төсіңе қызыл гүл қадап,
Жолықтың маған кешқұрым,
Жатқанда мүлгіп күллі алап.
Пердесін бұлттар түргенде,
Көркіңе сұлу көл тынып,
Кез болдың айсыз түндерде
Кеудемді нұрға толтырып.
Жарқылдап алмас жүзіндей,
Жауын ап талай көздердің,
Жүрегің алғаш жүзімдей
Дір еткен шақта кез келдің.
Көргендей болдым түсімде,
Жапырақтар жапты өңіңді.
Жайқалған орман ішінде
Жоғалтып алдым өзіңді...
Жүрмісің жаттың бағына
Айналып қонып әлде сен?
Өзіңді, сәулем, сағына
Қоңырқай кеште әндетем.

1972


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері