Өлең, жыр, ақындар

Көк дауылдар, қайдасыңдар, бермен кел

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 689
Көк дауылдар, қайдасыңдар, бермен кел,
Тереңдегі толқынымды тербеңдер.
Қалғымасын менің ояу көңілім,
Сілкілеңдер, бір сәт тыным бермеңдер.
Көк дауылдар, кел, жалыңнан ұстайын,
Шарықтайын қанатты бір құстайын.
Алай-түлей көкірегіңнен орын бер,
Қажет болса, сонда мәңгі қыстайын.
Оят менің орманымды сілкілеп,
Жаңарайын жалт-жұлт етіп бір түлеп.
Ауып кеткен бұлттарымды айдап кел,
Жауайыншы ақ жаңбырдай сіркіреп.
Күйдірсе де жалын шарпып, күн қақтап,
Жүрегімді тербет менің құндақтап.
Шырқалмаған бір құпия әнім бар,
Көк дауылдар, сол әнімді тыңдап бақ!
Менің жаным қуат алған жасыннан,
Жаңбыр әнін тыңдап өстім жасымнан.
Бірақ оған ұқсамайды бұл әнім,
Көңілімнің түкпіріне жасырғам.
Сыбдырына елең етіп құрақтың,
Әсем әнін тыңдап өстім бұлақтың.
Менің әнім бірақ одан өзгеше,
Бір шырқалса, шырқалады бір-ақ күн.
Сан тыңдағам асқақ әнін боранның,
Одан-дағы нәші бөлек ол әннің.
Той думанда, болдым қызық кештерде,
Бірақ оны айтпай үйге оралдым.
Қанға сіңген ана сүті арқылы,
Сол әнімді аялаймын әр күні.
Сонда менің көкірегімнің күмбірі,
Сонда менің жүрегімнің жарқылы.
Көк дауылдар, қайратыңды ала кел,
Қайда болсын қиыныңа сала бер.
Менің әнім айналардай дауылға,
Сол әнімді шырқай қалсам ал егер.
Көк дауылдар, екіленіп өршелен,
Өртті лаулат өзегімді өртеген.
Сол бір әнім – бұғып жатқан дауылым,
Түбінде бір соғарына мен сенем!

1977



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сенің даусың шыққанда...

  • 0
  • 0

Бізге тағдыр әуелден жақсыларды қиған ба,
Артық бақыт қазақтың маңдайына сыйған ба?
Жәнібегім, қайтейін жетпеуші еді бір саған,
Жүзден озған жүйрікті мыңнан таңдап жиғанда!

Толық

Мінәжат

  • 0
  • 0

Күңгірт тартқан көңілімді жарқыратшы, періштем,
Таңның алтын шапағындай тазарайын мен іштен.
Қайғырмайын, сараң тұрмыс қақсын мейлі шөміштен,
Қай мұратқа жеткізеді ессіз тойып, жеп-ішкен?

Толық

Анаңнан айналайын

  • 0
  • 0

Дүниеге келген жансың, Мұхамеджан,
Жусанды Сарыарқада жұпар атқан.
Кең дала кескен сенің кіндігіңді,
Байжігіт, Тәттімбет пен Тоқа жатқан!

Толық

Қарап көріңіз