Өлең, жыр, ақындар

Табалдырық

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1181
Халқыма қадірменді табалдырық!
Тұрасың әр уақытта алаң қылып.
Үлкендер «Баспа!» дейді,
Аттап өтем,
Сыр бар-ау ар жағында алар біліп...
Тіршілік қарағанда маған күліп,
Талпындым айналама,
Санам кіріп.
Аттатып кең дүниенің есігінен,
Шығарып салдың алғаш, табалдырық!
Келесің әлі күнге адам қылып,
Өмірдің өзегінен нәр алдырып.
Жасадым ерсі мінез өзім қанша,
Сенен бір байқамадым жаман қылық.
Көрсетіп жігерлілік, табандылық,
Жасқанбай талай жерге барам кіріп.
Үн-түнсіз сол баяғы қалпыңменен
Алдымда тұрасың сен, табалдырық!
Біреулер жылап қарсы ап,
Қалар күліп,
Біреулер сенген болып, алар күдік.
Әйтеуір барлық сырым саған аян,
Бәріне куәсің ғой, табалдырық!
Үстіңнен өтті қанша заман жүріп,
Сайран сап...
Және тағы салар бүлік.
Өзіңнен дос та аттады,
Қас та аттады,
Бүлк етпей шыдап бақтың, табалдырық!
Алыстан аппақ шамын жағарда үміт,
Уайымның қара құлпын алам жұлып.
Есігін арманымның айқара ашып,
Жебеп жүр, қайда барсам, табалдырық!
Тосыннан үйіріліп қараңғылық,
Тағдырым тастағанда маған құрық,
Жолында асу бермес асқар болып,
Көлденең жатып ал сен, табалдырық!

1980



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарыарқа

  • 0
  • 0

Саржайлауым менің,
Ән жайлауым менің.
Жан жайлауым менің,
Беу-беу, Сарыарқа!

Толық

Бұл уақыт өтіп жатыр тізбектеліп

  • 0
  • 0

Бұл уақыт өтіп жатыр тізбектеліп,
Түйінін тіршіліктің іздеп келіп.
Батысыма арайлы ай боп батып,
Шығысымнан шырайлы күн боп келіп.

Толық

Жастық

  • 0
  • 0

Алдан күтер әркімді бір бақыт бар,
Аяңменен жүруге бұл уақыт тар.
Жастық – тұлпар ұстатпас қолдан шықса,
Тақымыңа тигенде зырлатып қал!

Толық

Қарап көріңіз