Өлең, жыр, ақындар

Тау тұлғалы адам

  • 23.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1499
Тауда туып, тасында өскен ұл едім,
Қыран қонған қия таста түледім.
Таудай биік, даладай кең ұлы елім,
Ұлы елім ғой менің қолқа-жүрегім.
Қиындықтан көргенім жоқ жасқанып,
Келеді ерлік мәртебемді өсіріп.
Сәл шаршасам тауларымды жастанып,
Кең далама жата кетем көсіліп.
Досымның аузынан

І
Аузыма тауды алсам:
Туған жер,
Отаным есімде тұрады.
Туысқан!
Егер де тауыма таңғалсаң,
Бақыт боп көрінген бастағы тұмағы,
Деп біл ол қазақтың тұрағы.
Тауларым,
Шақырдың алыстан мұнартып,
Анамдай маған қол бұлғаған.
Өзіңе қарай ұштым құмартып,
Сенсіз олқы ғой бұл ғалам.
Еліктің ұқсап лағына,
Майсаңа бауыр төседім.
Не жетсін туған тауыма,
Өз үйім – өлең төсегім.
Тауларым, тауларым киелі,
Уақыттан ықпаған.
Сенсің даламның арқа сүйері –
Мызғымас ық-панам.
Қолыңда көңіл күйімнің тиегі,
Рахатты өзіңнен табамын.
Төбем зеңгір көгіңе тиеді,
Киелі тасыңа тисе табаным.
Ел үшін, жер үшін қам жемес,
Емеспін жетесіз жасық ұл.
Көзімнен парлаған қайғы емес,
Қуаныш жасы – бұл.
Тауларым, тауларым,
Бауырыңда асып қазанын,
Тасыңда ойнатты тарланын
Қойдан қоңыр қазағым.
Дүние күйінбей тұрған ба
Соғыс жаққан күйеден?
Қиын-қыстау заман туғанда,
Бабам саған арқа сүйеген.
Есіл ерлерге қалқан боп,
Елімді жаудан қорғадың.
Сен барда панасыз қалғам жоқ,
Қасиетті қамал-қорғаным.
Кімдер салмады ат ізін
Торқадай торғын төсіңе.
Онан да жыртайын өлеңнің атызын,
Өткенді еске алдым несіне?!

ІІ
Көзіме оттай басылды,
Армысың, жайлауым шықпас шаңдағы.
Иемін саған ізетпен басымды,
Бабамның қара шаңырағы.
Алайда жатпадым төріңде,
Қолайсыз күпіге алаңсыз оранып.
Кереге көктей білмесем тегінде,
Кінәлі боларым ол анық.
Зымырап жез қанат жыл өтті,
Жүйріктей қамшы салдырмай сауырға.
Ат емес, алқынтып жүректі,
Жеттім қойлы ауылға.
Құлындай
құлдырап,
Құйындай бұлдырап,
Жүгірген ұлың ем жейдемен.
Бөбектей былдырап,
Шақырды мың бұлақ,
Мың тілде сөйлеген.
Бұл уақыт ұстатпай тізгінін,
Сан рет мазасыз маздаған отымды өшірді.
Қырларда қыздардай билетіп түз гүлін,
Енді алам мезгілден өшімді.
Қырдың иісі,
Қойдың күйісі –
Сендерсің сағынған жаныма бір дауа.
Құлақтың құрышы –
Бұлақтың күлісі,
Ғажайып түнгі ауа!
Шығыңдар алдымнан, бал бұлақ,
Маржанды шашудай шашыңдар еркелеп.
Тау-тастан ағыңдар қарғылап,
Алысқа жетуге ертерек.
Именбей байғазы алыңдар
Мынау бір өрісі мыңғырған өңірге.
Менің де кеудемнен бір арна салыңдар,
Бұлқынып ағайын өмірдің өрінде.
Еркелей ұяңдау наз үнмен,
Атымды байлаңдар, ақ білек жеңгелер.
Шағып ап тағы да ащы әзілмен,
Сендерсің көңілге жел берер.
Құнанның құлағында ойнаған,
Кеп-кеше ұл едім қаршадай.
Ал қазір жігітпін жастығын тойлаған,
Қызықтан шаршамай.
Міне, мен ауылға таядым,
Жұпар ауамен тыныстап.
Шопан атамның құтты таяғын
Тау тұлғалы Досым тұр ұстап!

ІІІ
Көрініп көктен сынық ай,
Дүние құбылып түскендей не күйге.
Сағыныш табы суымай,
Отырмын шалқып мен үйде.
Бұл жерде көлгірсу сын маған,
Жаным бір жайсаңдық қалайды.
Костюм-шалбарыма қыры сынбаған
Досым жымиып қарайды.
Қой жатыр үйір шақырып,
Әлдилеп алып түн құшағы.
Ән кетті қыр асып, шарқ ұрып,
Күй қалқып ұшады.
Қараған, бұталар мүлгиді,
Кең өлке ұйқыға шым батып.
Шегіртке шырылы бұзады бұл күйді,
Маңайды шулатып.
Қызыл от қызыл тілімен
Жалайды түннің түкті бауырын.
Жел жұмсақ алақанымен
Сипайды таулар сауырын.
Беймаза сұңқылдап байғыз да,
Түннің құлағы елең етеді.
Мол нұрын төге түскендей ай құзға,
Күңгірт тартады таулар етегі.
Шытыра жұлдыздар ым қағып,
Аспан төсін құбылтар мың бояу.
Ақ бұлттар көшеді ырғалып,
Жылжыған керуендей тым баяу.
Қой шеті үріксе оқыс дүр етіп,
Саңқ етер шопанның дауысы.
Жаңғырар жартастар дір етіп,
Ұйқыдан оянып тау іші.
Алты қыр асырып тастайды
Бөрібасар төбеттер бөріні.
Ал шопан әңгіме бастайды,
Сенімді болған соң серігі.
Тарқамас дум
анның базары
Көңілдің семсерін қайраған.
Оттан түспейді шопан қазаны,
Шымырлап қайнаған.
Елтисің ләззатқа мас болып,
Бірауық ұмытып өзіңді.
Жанарға шаттықтан жас қонып,
Аңсайсың балалық кезіңді.
Шығарып іштегі өртіңді,
Бір басып қаласың мауқыңды.
Еріксіз баурайды еркіңді
Табиғат құшағы ауқымды.
Ойлардан ойлар қоздады,
Көздің шырымын алмадық түнімен.
Жеңгелер әзіл қозғады,
Туасы тым өткір тілімен:
– Отын жармайтын,
Суға бармайтын,
Қалалық жігітім,
Жүретін бой түзеп.
Желдің өтіне,
Қора шетіне
Төсек сап береміз,
Қой күзет!
– Кісі деп мұны да есепке ап,
Не керек әуре боп төсек сап.
Жата кетсін тон жамылып,
Түйебас жасаймыз жабылып.
– Қойыңдар, қайтеміз көп түйреп,
Емес пе кешегі «көк түйнек».
Зықысын шығармай қояйық,
Онан да сарқытқа тояйық.
– Айтпақшы, дөкей жезденің баяғы,
Ауылға бір жетпей қойды ғой аяғы.
Шынымен біздерді ұмытса ұмытар,
Ұмытпас жал менен жаяны.
Сәлем айт, тағы шоферін жіберер
Дегенде соғымның уақыты таяды.
– Бітіріп Зооветті,
Жоғалып о кетті.
Бетім-ау, жиеншар Жұмекен
Астана жағалап,
Асхана сағалап,
Даяшы болып жүр екен.
Қайным-ау, кеткенше сол құсап,
Ауылға кел-дағы, шалғы шап!
...Отырмын бәрін де құп алып,
Кеңейіп көңілдің аясы.
Алып ұшқандай желпінем қуанып
Даламның желмаясы.

ІV
Емеспін бақыттан кенд
е адам,
Қалайша уақыттан кем қалам?!
О, қиял, қанат бер сен маған
Топшысын темірден сомдаған.
Қырандай құмары қанбаған,
Қонайын биікке қонбаған.
Мен де бір самғауға қомданам,
Қолыңнан ұшыршы, кең далам!
Туған ел, сен – алтын тұғырым,
Өзіңмен өзектес ғұмырым.
Самғасам сен үшін самғармын,
Үзілсе өкінбен жұлыным!
Ал бірақ жүр, әне, ғарышта
Менен де өжеттеу бір ұлың!
Ол – сонау ғарыштың қонағы,
Жүрегі ғарыш деп соғады.
Бар әлем тұрғанмен қол бұлғап,
Тек менің өлкеме қонады.
Қастерлі есімі алыптың,
Қашанда аузында халықтың.
Ешқашан ешкім де кимеген
Тәжін ол киеді даңқтың.
Осынау жайларды көрем де
Көз салып бойлаймын тереңге.
Қиялға тізгінді берем де,
Айналып соғамын өлеңге.
Қалықтап қыран-ой төбемде,
Қонбайды төменге.
Бір сезім бұлқынды денемде,
Мінгендей бәйге дөненге.
Отарын өргізіп Досымның,
Шыға келгендей сезінем белеңге.
Мінгенде ол тартып жалынан
Уақыттың асау тұлпарын,
Жігер отын маздатып жанынан,
Ұшырған арман-сұңқарын.
Қиындықты қойдай өңгеріп,
Ол асар болашақ асуға.
Жылдардың жүзіне өң беріп,
Жылы тон кигізіп ғасырға.
Жүрген жоқ ол босқа шиырлап,
Жатқа біледі дала дастанын.
Қашанда танауын шиырмақ
Ойлайтындарға бас қамын.
Мыңғырған отардың дауысы
Сияқты даланың әуені.
Жас төлдің үнімен жаңғырса тау іші,
Ол – шопан шаттығы әуелі.
Төл үні – даланың ән-күйі,
Төл үні – ананың әлдиі.
Төлдерім!
Жабыла маңыра, жамыра!
Жағады үндерің жаныма,
Сендерді сағынам әр күні.
Түскенде іңгәлап жерге мен,
Төл үні бесік боп тербеген.
Бір жатып, бір тұрғам төлменен,
Мені ешкім бөлмеген.
Шөлдесем төлменен шөлдегем,
Төлменен жүгірдім көлге мен.
Жарларда жарыса ойнақтап,
Тауларға бірге өрлегем.
Төлсіз тұлдыр ғой тіршілік,
Төл барда өмір сөнбеген.
Тұрғанда таң атып, күн шығып,
Жұмыр жер, дөңгелен!..
Талдырмас төлімнің өзегін
Тауларым, көлдерім, өзенім.
Мен де табиғат төлімін,
Анам – өз елім.
Сүйкімді төліміз болмаса,
Көңілі көншімес даланың.
Дәуір доңғалақтары онда аса
Қуырмас уақыт танабын.
Сағатпен санаулы ғұмырда
Өресі биіктер ой тастар байыпты.
Замана қондырған алтын тұғырға
Жазылбек Қуанышбаевты.
Бұзылмас өмірдің арнасы,
Бүгінде тарих қой кешегі.
Шопан таяғы, жұмысшы балғасы
Қолдан-қолға көшеді.
Риза бүгінгі шопанға
Далам да, қалам да!
Ол ие емес тек отарға,
Иелік етеді заманға.
Бізді қандай жұт алар,
Техника тілімен, замандас, толға сыр.
Түбінде тобылғы, бұталар
Манаурап момақан төл жатыр.
Жібек жүннен жіп иірген
Фабрика ұршығы толассыз зырлайды.
Ал ақын шыт жаңа киінген,
Еңбек әуенін жырлайды.
Ұлы еңбек – жүрегі уақыттың,
Тынымсыз соғады мәңгілік.
Шопан даусы әніндей бақыттың,
Жартастан шығады жаңғырып.
Түн бойы оты бір сөнбестен,
Сары таңға тозбастан төзімі,
Таумен де сөйлескен,
Таспен де сөйлескен
Шопан – табиғат өз ұлы.
Оттан да, судан да қайтпаған,
Жанында жасынның оты бар.
Мұңын еш тіс жарып айтпаған
Тауына шағып отырар.
Көз ілмей күзетпен,
Арқадан сыз өткен
Таңдарды ойлама тегін деп.
Шопан да «жаралған ет пенен сүйектен»,
Туған жоқ темір боп.
Кірпікке мұз қатып,
Денесін мұздатып,
Жүрсе де сары аяз өтінде,
Жүрегін ар-ұят сыздатып,
Қан ойнар бетінде.
Сұрағанша алдымен мал жайын,
Зоотехниктерім, кіл қара тон киген,
Онан да сұраңдар шопанның хал-жайын,
Демесін: тоңдым мен.
Адам үшін ғой бәрі де,
Қой емес, қойшының тілеуін тілейік.
Зер салып ерліктің әніне,
Қырға құлақ түрейік.
Жылдардың аударып қабатын,
Тарихшы тереңнен қотарды ой...
Дәуірлер дабылын қағатын
Кәдімгі шопан ғой.
...Дауласпас төзімін тауысып,
Шопанның жоқ оған уақыты.
Жылдар жатады ауысып,
Жарқылдап еңбек жақұты.
Мазасыз маусымдар өтеді,
Кетеді сіреу қар, еріп мұз.
Мезгілдер шопанға тағзым етеді,
Мойындап еріксіз.

V
Атырдым көз ілмей
Арайлы бір таңды.
Кезер ем ерінбей,
Балалық кезімдей,
Туған жер, қырқаңды.
Балауса бал құрақ
Бастары салбырап,
Мөлдір моншақтар тамады.
Ақ таңның балбырап,
Барады албырап
Күнге сүйгізер тамағы.
Дала әуені тынбайды,
Күміс үн төгілер мөлдіреп.
Бозторғай концертін тыңдайды
Досым елжіреп.
Боз жусан басын сілкілеп,
Таңғы жұпарын шашады.
Жібек жауын сәл сіркіреп,
Жол шаңын басады.
Қанып ап қанкүрең шайына,
Атына қонды, әне, Досым да.
Зер салып бүкіл Жер шарына,
Эфирге құлағын тосуда.
Дүние тынысын барлаған,
Бір минут тыншымас арлы адам.
Көзінің алдында кең дала,
Көзінің алдында бар ғалам!
Сор соғыс кімге дақ салмаған,
Талайды жайпаған, жалмаған.
Батқанда жазықсыз қанға адам,
Жер-ана күңіреніп зарлаған.
Көрсе де қаншама тар заман,
Әділет қанаты талмаған,
Биікке самғаған!
Қонсын деп адамға ырыс-құт,
Болсын деп әлемде тыныштық,
Толсын деп достық пен туыстық,
Бейбіт ауаны тыныс қып,
Жүрегі бұлқынды тым ыстық:
«...Дүниеден құр қалар жайың жоқ,
Тым құрса төбеге қал шығып.
Уақыт жұтады жайын боп,
Етпесең ешбір қарсылық.
Жұмыр жер арқасы алпауыт,
Көтерген заманның алып теңдерін.
Жігітім, керегіңді ал тауып,
Еншіңді ертерек теңдегін.
Түгендеп ер менен тұрманды,
Тезірек киін де, қон атқа.
Желің оңыңнан тұрған-ды,
Жылдар шақырып қонаққа.
Жөнел тез, жолыңа түн қатып,
Тұрғанда тықыршып, ет қызып.
Қал мылқау тастарға тіл қатып,
Таулардың құлағын елең еткізіп!»
Дегендей ол маған қарады,
Ақ жүзін аймалап таң нұры.
Оны да толғантып барады
Күллі әлем тағдыры.
Шақырды алқызыл гүлдері,
Жамырап жайлаудың қия-беттері.
Көкірегін аймалап қыр лебі,
Досым тауға беттеді.
Өрмелеп заңғарға асыға,
Таудай тұлғасы барады биіктеп.
Күннен бұрын ол шығар шың басына,
Маңдайын сүйіп көк!..

1974



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дегелең

  • 0
  • 0

Қарайып сонадайда тұр Дегелең...
– Ойпыр­ай, сұмдық еді бұл не деген?
Қасына аяқ басып бара алмайсың,
Жеріңді осы емес пе түрмелеген?

Толық

Жауласпа

  • 0
  • 0

Жауласпа жалғыз ауыз сөзге бола,
Жараспас тарақ ұстап таз балаға.
Құйрығың бір-ақ тұтам шолтаңдаған,
Күпсініп көрінгенмен көзге ғана.

Толық

Сенің даусың шыққанда...

  • 0
  • 0

Бізге тағдыр әуелден жақсыларды қиған ба,
Артық бақыт қазақтың маңдайына сыйған ба?
Жәнібегім, қайтейін жетпеуші еді бір саған,
Жүзден озған жүйрікті мыңнан таңдап жиғанда!

Толық

Қарап көріңіз