Өлең, жыр, ақындар

Жүрегіммен жеке қап...

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 775
І
Жан емеспін үйренген сөзін бұлдап,
Өзгеге емес, өзіме өзім қымбат.
Жанарымда мөлдіреп жарық дүние,
Көз алдымда тұнады көгілдір бақ.
Тереңдегі ашсам деп сыр қатпарын,
Дымқылданған кірпікті құрғатпадым.
Тастай қатып кей сәтте үн қатпадым,
Кейде байыз таба алмай сырғақтадым.
Нар жүрегім!
Жүгімді көтеріп бақ.
Емес пе едің, япыр-ай, өте мықты-ақ?!
Дауыл тұрса,
Үскірік боран ұрса,
Бәрі сенен басқаның кетер ықтап.
Жалғыз қалсам мұңдасым сен ғанасың,
Бұлқынасың, булығып, долданасың.
Тулап-тулап тынасың,
Басыласың,
Бұзып шығар дәрменің болмағасын.
Сәулеленіп тұрғанда санам мына,
Бұл дүниенің барлығы – маған мұра.
Саған ғана сенемін!
Сенген сайын
Қымбатырақ сезінем бағаңды да.
Тылсымы көп дүние, сыр бүкпелі,
Тереңдердің түбіне сүңгіт мені.
Не ұйқыда, немесе ояу ұста,
Жүре алмаспын ешқашан мүлгіп тегі.

ІІ
Қалжыратсам, жүрегім, кешір мені,
Қанша жерге жеткізер көшім мені.
Аз дейсің бе
Ақ қағаз-көңіліме
Өткен күннің жазғаны, өшіргені.
Көкіректе қаттаулы –
Хатта бәрі.
Оқығанға оп-оңай жатталады.
Араздардың ағаттау даттағаны,
Ағайынның артықтау мақтағаны –
Бәрі, бәрі осында сақталады.
Жарымадым ба уызға, жарыдым ба,
Марқайдым ба немесе арыдым ба?
Айналдым ба Алауды көбелекше,
Қайралдым ба қиындық шарығында –
Таңбалаған өзімнің танымымда.
Қабыл алып келемін барлығын да:
Көлеңкесін тірліктің, таң нұрын да.
Боранын да, аязын, жаңбырын да.
Қилы-қилы дүниенің хикметі
Қиысады қызықты тағдырымда.
Жатыр қанша қысым мен жазым әлі,
Талай-талай оқиға жазылады.
Қылығымен, мұңымен базыналы,
Күрделі де өмірім, қазыналы.
Қуаныштың кестелеп суретін,
Танытса екен адамдық құдіретін.
Ізгіліктен түскен із көп болса екен,
Қалғанының табармыз бір ретін...

1980-1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

«Ел» деп жүріп

  • 0
  • 0

Ел деп жүріп, шөлдеп жүріп, ағып түсті бір ақын,
Атамекен сағынышы тербетумен мұратын.
Жырларынан Баянөлке тауларының лебі есіп,
Былғанбаған Бұлғын суы сылдыр қағып тұратын.

Толық

Оразбай басында

  • 0
  • 0

Құлазитын секілді Тұнай тауы,
Ескі қыстау көргенді мұңайтады.
Өшкен ошақ,
Өлген үй,

Толық

Өмірім бар...

  • 0
  • 0

Өмірім бар өзгеден сыр бүкпеген,
Өрге тарттым,
Біресе сырғып төмен.
Таудан аққан бұлақтың толқынындай,

Толық

Қарап көріңіз