Отан – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Отан» атты Несіпбек Айтұлы жазған отан туралы өлең берілген.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 2460
Сүйем асау өзеніңнің ағысын,
Сүйем асқар тауларыңның тағысын.
Алпыс екі тамырымда тулаған,
Отан, өзің жүрегімнің қанысың!
Құйттайымнан түскен тұнық көз нұрым,
Маған қымбат өз тауларым, өз қырым.
Туған Отан, саған теңеу таба алман,
Ақтарсам да планета сөздігін.
Биіктерге құлаш ұрсам мен бүгін,
Талмайтұғын қанат берген кеңдігің.
Сенің шексіз мейірімің, ұлы Отан,
Қайрат берген көтеретін ел жүгін.
Келешекке көз жіберсем күн салып,
Көрінесің келбетіңді нұр шалып.
Күндей күліп, шаттанасың сәбидей,
Жас орманды жұпарымен жуса бұлт.
Сенің таңың – сүттей аппақ таза таң,
Сенің әнің – әлемдегі азат ән.
Сендей көркем, байтақ мекен қайда бар,
Мәңгі бақи көктем – Отан, жаз – Отан!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері