Өлең, жыр, ақындар

Соңғы жапырақ

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1157
Тіл қатпай томсарады күллі атырап,
Жаздайғы бар қызығын ұрлатып ап.
Ең соңғы күнпарақтың бетіндей боп,
Бұтақта ең ақырғы тұр жапырақ.
Елеусіз –
Көзге тіпті ілінбейді,
Қалтырап, қалтарыста дірілдейді.
Басынан сұмдық күйді кешіп тұрған
Тағдыры басқаларға білінбейді.
Бір күні –
Арпалысқан бір өмірдей,
Әрең тұр бар-жоғын да біле-білмей.
Сәл ғана салмақ түссе үзілердей,
Қажыған әлдекімнің жүрегіндей.
Бір мезет түсіне енсе күн кешегі,
Бір үміт, бір күдікпен тілдеседі.
Күз келіп, тұрғыласын тонамаса,
Тірліктің парқын, бәлкім, білмес еді.
Қаншама қиындық тұр бір басында,
Өзімен өзі ғана мұңдасуда.
Жалғыздық жабырқатқан сыңайы бар,
Сыңар жоқ сыбырласып, сырласуға.
Сұстылық байқалғандай күзгі бұлттан,
Тітіреп, тіксінеді ызғырықтан.
Жас еді – жасыл еді,
Енді – сары,
Өмір-ай!
Өң-бояуын жүз құбылтқан.
Жұлынып әне-міне қалмағы анық,
Қайтадан қона алмайды талға барып.
Тыныстап суық дүние құшағында,
Жатады біраз уақыт қарға оранып.
Сол бетте зым-зия боп жоғалады,
Жол солай...
Жоғалмасқа жоқ амалы.
Қайтадан қанша көктем оралады,
Олар да тоналады, тоналады...
Жайқалды –
Жарқын күлді, жайраңдады,
Өмірдің еркелетті сайран бағы.
Сыр бермей сіресіп тұр,
Күресіп тұр,
Сарбаздай жалғыз қалған майдандағы!

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ тілек

  • 0
  • 0

Мен тағы алға жылжыдым,
Кел тағы, Жаңа бір жылым!
Тәуелсіз елмін Ту алған,
Қолымда тізгін­-шылбырым!

Толық

Сапекем

  • 0
  • 0

«Сапеке» деп сыйлаушы еді ел-жұртың,
Ортамызда сияқты едің сен бір шың.
Қарағайдай қатар тұрған сап түзеп,
Қайран қарттар тартып кетті-ау селдір тым.

Толық

Жұлқынып жүйрік сынды кермедегі

  • 0
  • 0

Жұлқынып жүйрік сынды кермедегі,
Жүрегім жетеледі өрге мені.
Көрінген қиуадан кер маралым,
Қай күні қамшы салым кез келеді?

Толық

Қарап көріңіз