Қабанбайға шағыну
Сыйындым аруағыңа, батыр баба,
Медет бер алысқа да, жақынға да.
Қу сөзден қурай орған заржақ емен,
Отырып таз басындай тақырда да.
Азырақ арыз айтсам жайсыз көріп,
Түнеріп жауар күндей шатырлама.
Қара бұлт қылаң бермей жел тұрмайды,
Жел тұрса, тыныш жатқан қол тулайды.
Төгілсе сабасынан ащы зарым,
Қазақтың тау-даласы солқылдайды.
Дертімді саған айтпай кімге айтамын,
Мысқалдап айтқан сайын ұлғайтамын.
Баяғы дәурен қайда, адам қайда,
Жер түгіл, жауға бермес бір байталын?
Құрғамай сауыс болған тер тебінгі,
Тұлпарлар айғай шықса жер тебінді.
Қубасқа сен ер салсаң, қалың дұшпан
Қаңбақтай жел айдаған төңкерілді.
Шыққан жау батысыңнан, шығысыңнан,
Қаймықты қиып түсер қылышыңнан.
Сүйеніп көк найзаға қалғыса да,
Түтінін түгел қазақ тік ұшырған.
Жан сақтап қалып еді шұбырса да,
Көріне атасының тығылса да.
Аранға түспеп еді
Арбағандар
Түлкідей тоқсан түрлі құбылса да.
Тұрып ең жау өтінде, жел өтінде,
Әйтеуір бір ажал деп өлетінге.
Зар болдық көлеңкеңе, Ер Қабеке,
Ел үшін кесіп берген қоң етін де.
Қаншама сүргін өтті сен кеткелі,
Халқыңның көкірегін шер кептеді.
Ұясы еркіндіктің табылмады,
Жанындай жалмауыздың шөлмектегі.
Жақсының құрығаны көзі мүлдем,
Атандай шойырылсақ белі үзілген.
Көмескі көп шиырдан таныды әрең,
Адасып қала жаздап ел ізіңнен.
Не шара адаспасқа, алжымасқа,
Қара сор үйірілсе мәңгі басқа.
Төрдегі әкемізді қуып шықтық,
Иланып есіктегі қаңғыбасқа.
Қаратау қалжырады күй кеткендей,
Қасірет қабырғасын күйреткендей.
Тажалға тәлкек болған ту даланың
Тап-тақыр беті тулақ сүйреткендей.
Зорлығы жүргеніне жат қуанар,
Тұқымы пәлекеттің тақ қуалар.
Ғайыптан қайта туып келе қалсаң,
Таппайсың таза бастау ат суарар.
Сонаға балдай татыр сорған қаны,
Шіркейдің құтылған ба сордан жаны?
Күштінің диірмен тартса мықты дүмі,
Далбаса дәрменсіздің қорғанғаны.
Қабеке, жер өксіді, ел өксіді,
Өзіңдей бір батырды керексіді.
Сүт емес, бауырынан қан сорғалап,
Уақыттың қыңсылады өлекшіні.
Тағдырдың таразысы ауытқымай,
Тең ұстар күн туар ма халықты ұдай?
Емес пе пендесінің бәрі бірдей,
Бар болса болыспайды нағып құдай?
Дүние шабысынан жаңылар ма,
Дарияға аққан түйме табылар ма?
Бықсытып, түтіндетіп, тұншықтырған
Тарихтың тас ошағы шағылар ма?
Жар болғай, батыр баба, тарыққанда,
Тіршілік титықтатып арытқанда.
Дәуірден аттап өту былай тұрсын,
Шама жоқ секіруге арықтан да.
Бұл күнде Абылай да, Бұқар да жоқ,
Бұтағын бәйтеректің бұтарлады оқ.
Қайғыға қайық салған қайран көңіл,
Торғындай тозып біткен жұқарма көп!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі