Сырын бермес сұм жалғанда – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Сырын бермес сұм жалғанда» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 764
Сырын бермес сұм жалғанда шынайы жоқ достасқан,
Тірі жәндік тыным алмас бір­бірімен қастасқан.
Адам менен аң қылығы тіл табыспай тұрмайды,
Оянғанда жыртқыш сезім хайуандықпен астасқан.
Алды кең боп көрінгенмен, тіршіліктің арты тар,
Аласұрған жан иесін ажал түбі қор тұтар.
Тіс­тырнағы мықтылардың күш қылмағы көпке аян,
Емін­еркін әлі жетсе, әркім бірді қорқытар.
Қу құлқынды құнықтырып күнкөрістің пайдасы,
Қоздай түсті жауыздықтың амалы мен айласы.
Дәтке қуат іздегенге қалтарысы қалмады,
Алақандай жердің беті – арпалыстың айнасы.
Азбан ғасыр алып түссе тұлпар заман шоқтығын,
Сарсаң болған қалың жұртым, саған мәңгі жоқ тыным.
Аш итіңе көрсеткені шошқасының тоқтығын –
Есігіңнің көзіне әкеп төксе дұшпан боқтығын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері