Ойхой, шығыс Түркістаным! – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Ойхой, шығыс Түркістаным!» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 810
(Ұйғыр ақынының ізімен)

Әлімсақтан талай ақын
Жырға қосқан мекенім –
Ей, сүйікті уәлаятым,
Сені жырлап өтемін.
Сен болмасаң тіршіліктің
Білмес едім не екенін.
Сәулетіңді гүл жайнатып,
Сызған талай қылқалам.
Сен болмасаң мұндай бақыт
Бере салар кім маған?
Сенің ыстық құшағыңда
Бесік жырын тыңдағам.
Сағынады жаяу күнім
Сәйгүліктің желісін.
Талай­талай аяулы ұлың
Басын тіккен сен үшін.
Ғұмыр бойы өтелер ме
Саған деген борышым?
Қасиетті топырағым,
Ізі қалған бабамның,
Жүрегімнің асыл әнін
Саған арнап салармын.
Сендей гөзал сұлу жерді
Енді қайдан табармын?
Қияметті көрдім қанша,
Өзіңді аңсап зарыққан.
Сен деп өтем көз жұмғанша,
Жырлаудан еш жалықпан.
Ойхой, Шығыс Түркістаным!
Тас қамауда тарыққан...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері