Қара түс

Бұл бетте «Қара түс» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 3633
Қара көмір жанатыны — әдемі,
қара судың ағатыны — әдемі.
Қара көздің жақсы-ау күлімдегені,
одан гөрі дала түні — әдемі.
Құт кірерде қара жерге қақ тұрған,
қара қазан қамы бала бақтырған.
Қара қазақ қауіпті дерт, ауруын
қара қойдың өкпесімен қақтырған.
Қара көздің жасын түнге кептірген
талай қара кезеңдерден өттім мен.
Бірақ бабам "қара мал" ғып ырысын,
қасиетін — "қара шаңырақ" деп білген
Қара, қара!
Көп қой қара сөз менде
көнбейтұғын етістіктен өзге емге.
Қара бояу, лағынат айтам мен саған,
қара көңіл бір досымнан безгенде.
Қара, қара!
Көп ұғымға жат әлі, —
маған жұрттың түсінігі батады.
Қам көңіл жан қарғанғанда, қақырап
"қара түнге тапсырдым" деп жатады.
Қара көздер! Қара нұрды құй жылдам
шомылайын.
Бір түйінді түйдім дәл:
қара — әдемі, әдемі ғой түнгі аспан,
қара түс тек аулақ болсын пиғылдан!
Аққа қара жағылмасын, бүгін шын
ақ, қара ту — Қызыл туға жығылсын!
қара киіп жыламасын аналар,
қара костюм — салтанатқа тігілсін!
Қара нүкте бітірсін тек сөйлемді,
сөйлем бітті,
маған жаңа ой келді:
қараға да ақ пейілмен қарау жөн,
қара лента қоршағанша бейнеңді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қара түс өлеңінің авторы кім?

Жұмекен Нәжімеденов — осы өлеңнің авторы.

Қара түс өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қара түс өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмекен Нәжімеденов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қара түс өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері