Махаббат пен қара тас

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1443
Махаббат деп бастасаң — елең қағып құлағы
Жұрттың бәрі қыз жайлы жыр екен деп ұғады
Бояу да көп бұл сөзде, Мағына бар әр басқа
Кемпір қосақ секілді сан құбылған, арбасқан.
Махаббаты Цезарьдің — биігі екен даңқтың;
Құлагерді Ақанның махаббаты деп ұқтым.
Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа — сол еменге
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге.
Екі зәулім емен тұр. Екі еменге сол ұлы,
Ұлы қария күн сайын жүреді екен жолығып;
Солқылдатып жүрегін қайғы емгенде бір арда,
ақыл-ойдың не бір тың шындарына шығарда,
Келген екен сол жерге сақалынан жас парлап
Анна жайлы ғажайып романын бастарда;
Тұрмыс тартып етектен,
Қиял шырқап аспанға, —
ақыл-ой мен ақшаның басын зорлап қосқанда;
Келеді екен сол жерге;
Мейірім тілеп тастан да,
Үй-ішінің бітпейтін дау-шарынан қашқанда.
Кей ағамыз жеңгейге өкпе артқанда балаша
"Жас иісі" секілді қауышатын оңаша,
Сол бір екі еменмен сыбдырға бай, сырға нық
Толстой да, деседі, жолығыпты ұрланып.
Мәңгі тозбас сезімге — тозбайтұғын зат шыдар
Ең тұрақты махаббат, бәлкім, табиғат шығар?!
Қос кәрі емен түр әлі.
Сол қос емен түбінде
Төңкерілген астаудай қабыр жатыр бүгінде.
Емендер тұр асқақтап!
Мылқау топырақ-қабыры,
Табиғаттың өзіндей әрі қатал, өрі ұлы —
ескерткіш жоқ,
Қорған жоқ,
Үйілген тек топырақ,
Құстар сайрап алыста, судырар тек жапырақ...
Сенбеуші едім кәдімгі ағашқа — сол еменге
Ғұмыр бойы Толстой ғашық бопты дегенге:
Қос еменнің ұлы жан атын жайып әлемге
Ғашықтығын, кетіпті ол, қабірімен дәлелдеп.
Сүю үшін еменді — туу керек емен боп,
емендерге мен бір сәт қарап тұрдым елеңдеп:
Қос қара емен құпия жыр айтатын сықылды,
Сәл тыңдасаң жаныңды мұңайтатын сықылды,
Орыс төрі — осы жер!
Қалғандардың барлығы босағада сықылды,
№ 2-ші күзет осы арада сықылды...
Уа, ұлы жар — табиғат!
Ұлы анам да сен едің,
бояуын бер шыршаңның —
Сәл сарғайып келемін;
рухын бер бұл жердің,
Жұпарын бер гүлдердің —
бір шырқайын Тау әнін!
Саусағымен ауаның
Қара бұлтты ақ шыңға байлап қойып сауамын!
Сонда бурыл тасқынды ақтарармын мен-дағы,
Талқан болар бөгетің — қолдан қойған қорғаның;
Табиғаттың өзіндей, дәл өзіндей болғалы
пісіп жатыр әзірге ой мен шабыт толғағы.
Ал, бүгінше талаппен "мен де болам" дегенде
Тәуіп етем басқалар егіп кеткен еменге.
Өз еменім — болады
Қазіргі әнім — қиын ән,
Өзгелерге жете алмай өз көңілімде ұйыған.
Безген шақта һаярдың есебі бар сиынан,
Дала, саған сиынам!
Жерігенде жолдастан — көңілдердің қағынан,
Әділдіктің тағынан,
бұлбұлдардың бағынан;
бір қаталдық көргенде, адам, сенен тағы да
емен түгіл, мұң айтып қара тасқа шағынам...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Махаббат пен қара тас өлеңінің авторы кім?

Жұмекен Нәжімеденов — осы өлеңнің авторы.

Махаббат пен қара тас өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Махаббат пен қара тас өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмекен Нәжімеденов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Махаббат пен қара тас өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері