Күйші қыз – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Күйші қыз» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1240
Саңлақ ердің салмағы
Өнерінде деп еді —
Сені көріп, саңлағым,
Мансұқ еттім мен оны.
Тұла бойым дір етті,
ток ұрды ғой бір құйын...
Кесек ет қып жүректі
іліп кеттің, қырғиым...
Келді-ау, сірә, шабытың:
дір-дір етті саусағың.
Ақтарыл, күй, ағытыл,
Сыңғырап қал, кәусәрім.
Қайта өрледі, бір құлап
тасқа бүйір соққылап;
ақ мәрмәрді бұрғылап
бұзып аққан көк бұлақ.
Сырғиды, әне, сырғиды...
Шерттің-ау сен бір күйді:
Көмейімен бұлбұлдың,
тырнағымен қырғидың.
Шалып шертер саусағы
Шыдамыңды тауысады:
Өзі — күйші,
өзі — қыз...
ал мақтамай көріңіз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері