Әттең, шолақ дүние-­ай! – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Әттең, шолақ дүние-­ай!» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1234
Әттең, шолақ дүние­-ай, құйрық-жалын күзеген,
Жүзге жасым жетер ме, жазсам саған жүз өлең?
Мүйіздейді күнде кеп қабырғасын қорамның,
Қатер деген бір дойыр қара бұқа сүзеген.
Әукесімен жер сүзіп арам қатқыр қарасан,
Күндіз-түні жатқаны бұрқылдатып қара шаң.
Азынаймын борандай амал таппай мынаған,
Алды­артымнан құлаған қатарымды санасам.
Шыққан күн мен туған ай көктен жерге телмірген,
Жаратқанның мөріндей тірлігіңе сендірген.
Көргенменен қыршынның шырақ оты сөнгенін,
Шыбын жаны қай жақта шырқырап жүр – мен білмен.
Жасым жүзге ұзармас жазғанменен өлең­-жыр,
Қара бұқа мүйізін сындыра алмай келем бір.
Медет күткен өлеңнен мені сен де мүсірке,
Нұрдай шалқып рухың, рахатқа бөленгір...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері