Қыс өтіп, көктемім де оралады
Бұл бетте «Қыс өтіп, көктемім де оралады» атты Гүлманат Әуелхан жазған табиғат туралы өлең берілген.
Қыс өтіп, көктемім де оралады,
Айдыныма аққулар қонады әлі.
Жанымдағы түйіршік мұң мен нала,
Қар суымен шайылып жоғалады...
Кеудедегі сезімді тұншықтырып,
Айналдырды тағдырым ұршық қылып.
Тынысымды тарылтты қапас тірлік,
Әлде қайда безсем бе ыршып шығып.
Інкәрліктің ауылы алыстады,
Бір сәулеге табынам ғарыштағы.
Тағдырымның тарпаңдау ауыр жүгі,
Еңсені езіп, жанымды жаныштады.
Орта көңіл жанымды мазалайды,
Тәңір кейде орынсыз жазалайды.
Асқардағы арманға арқа сүйеп,
Жырға қосып бозамық жазам Айды...
Санама түсіретін жарық алдан,
Мені де ұғынатын табылар жан.
Сүю де, сүйгізу де дәтке қуат,
Ажалдан басқасының бәрі жалған...
- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі