Соңында сөзі қалған

Бұл бетте «Соңында сөзі қалған» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 02.10.2021
  • 0
  • 0
  • 658
Жетеді мұратына талпынған жан,
Маздаса өмір оты шалқып жанған.
Келер ме қайта айналып, шіркін, жалған,
Аттанған сол бір бала Елтінжалдан?!
Кім білсін, Алтынжал ма, Елтінжал ма,
Жер аты жоғалмайды ел тұрғанда.
Елтінжал тебіреніп жатқаны анық,
Шыр етіп дүниеге ол туғанда.
Елтінжал – алтын бесік, күміс құндақ,
Тербетті жөргегінен нұр ұшқындап.
Киелі, қасиетті атамекен
Қашанда туған ұлын тыныс қылмақ!
Алыстан атырабын сағым жуған,
Уа, шіркін, Елтінжал-ай, сағындырған!
Кіндігін Ғабитінің Қызыр кесіп,
Аспанның ақ сүтіне шомылдырған!
Соңында сөзі қалған ер өлмейді,
Елтінжал ертелі-кеш елеңдейді.
Қиырға қыз-қарағай мойнын созып,
Оралып Ғабең бір күн келер дейді.
Толтырып айналасын өлең­-жырға,
Топ бастап түседі әлі Ғабең мұнда.
Құстары Елтінжалдың ұйықтамай жүр,
Кеп қалса қайтеміз деп таң алдында.
Көрінсе ай маңдайын жарқыратып,
Құшады қуаныштан халқы бақыт.
Шулайды орман­тоғай сүйіншілеп,
Аспанға анадайдан бөркін атып.
Дәм татпай көптен туған аймағынан,
Қайда жүр, кешікті ғой қайран ұлан.
Барлауға болашақты кетті ме әлде,
Ғасырдың аман шығып ойранынан?
Айырылып қатарының қаншасынан,
Қырғынды кешіп өтті қан сасыған.
«Бейімбет жау болса егер, мен де – жау!» – деп,
Қатерге басын тікті жан шошыған.
Сұмырай судай төккен қызыл қанды,
Тарихтан жасыра алмас ізін мәңгі.
Қаламның ұшыменен Мүсірепов
Қасірет мұхитының мұзын жарды!
Үрейден үн шығармай тысқа мүлде,
Жүз өліп, жүз тірілдік қысқа күнде.
Ғабеңнің қаһармандық куәлігі –
Бесеудің жазған хаты Сталинге!
Жырлауға жетер ме оны жыр құлашы,
Болмаса Мұхтар, Сәбит тұрғыласы.
Көтеріп ұлттың туын келе жатыр,
Заманның заңғар ойлы сұңғыласы!
Мағжандай демесеңіз атылмады,
Найзағай төбесінде шатырлады.
Алыптар ортасында маңғаз басып,
Әнеки, Елтінжалға жақындады.
Елтінжал жүз жасаған ұлын күтіп,
Сайрайды бұлбұлдары құбылжытып.
Тамсантып Ғабең соққан сөз сарайы,
Әлем тұр таңдайының суын жұтып.
Көз салып қолмен төккен өрнегіне,
Марқайып отыр өзі төрде, міне!
Еліне осы жолы есеп беріп,
Кетпекші бір ғасырлық еңбегіне!
Қарсы алып ардақтысын мына ғасыр,
Той өтер Елтінжалда ұлан­асыр.
Ғаламның Ғабең шертсе шежіресін,
Тереңнен төңкерілмей тұра ма сыр?!
Сыртылдап алтын сағат күміс баулы,
Білмейді уақыт бір сәт тыныстауды.
Тапсырды ұлы Ғабең ұрпағына
Тәуелсіз елдің Туын тік ұстауды!
Білмеймін, Алтынжал ма, Елтінжал ма,
Жер аты жоғалмайды ел тұрғанда.
Тұсынан Елтінжалдың нұрын шашып,
Рухы жарықтықтың жарқылдауда.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Соңында сөзі қалған өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Соңында сөзі қалған өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Соңында сөзі қалған өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Соңында сөзі қалған өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері